«Астана Опера» сахнасында «Аққу көлі» балеті үш күн қатарынан қойылады

8 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Астана Опера» сахнасында «Аққу көлі» балеті үш күн қатарынан қойылады
Фото: «Астана Опера» театрынан

«Астана Опера» театры 16, 17 және 18 қаңтарда өз афишасындағы ең сұранысқа ие спектакльдердің бірі – балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін ұсынады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кештердің бірі жарқын дебюттермен есте қалады: алғаш рет ақ және қара аққулардың маңызды партияларында келешегінен зор үміт күттіретін жас балет әртістері Торғын Лебен (Одетта) мен Камила Шахманова (Одилия) өнер көрсетеді.

Жаңа жыл – аңсаған армандар орындалатын шақ, осы ретте хореография академиясының жас түлегі Торғын Лебен үшін бұл кезең шығармашылық мақсатының жүзеге асуымен, яғни «Аққу көліндегі» басты партиядағы дебютімен есте қалады. Ақ аққу – Одеттаның рөлін дайындап жатқан әртіс өзі жайлы академия қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ батыл жар салған еді: бүгінде оның қызметтік тізімінде беделді халықаралық байқаулардағы жеңістер, оның ішінде Венгрияда өткен Budapest Ballet Grand Prix додасындағы бірінші орын бар. 

«Одеттаның партиясын Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен дайындау – зор мәртебе әрі жауапкершілік. Маған бейнені осы рөлдің бетке ұстар орындаушысы жеткізуде, мұны түсіну мен үшін айрықша маңызға ие. Осындай мүмкіндік бергені үшін оған шын жүректен алғыс айтамын. Дайындық өте тиянақты жүріп жатыр, Алтынай Абдуахимқызы әрбір қимыл мен детальге назар аударып, техникамен ғана емес, сонымен қатар бейнемен әрі қимыл формасымен де жұмыс істейді, сол немесе басқа бір қимыл, көзқарас немесе дем не үшін пайда болатынын түсіндіреді. Бұл рөлді жақсырақ түсінуге және оны тереңнен сезінуге көмектеседі, - деп әңгімеледі Торғын Лебен. – Одеттаның партиясында қол пластикасымен жұмыс істеу – бұл күнделікті еңбек. Әрине, қолды ұлпадай нәзік қылу әрдайым мүмкін бола бермейді, алайда мен сонымен жұмыс істеуге тырысудамын. Қимылдар бірқалыпты әрі ауыспалы шығуы үшін иық, шынтақ пен білектің үйлесіміне назар аударамын. Сонымен қатар сызықтар әдемі әрі түзу қалпында қалуы үшін классикалық форманы сақтау маңызды», - деп пікірін қосты әртіс. 

Жетекші солист Диас Құрманғазымен дуэтте бірлесіп өнер көрсету жайлы сөз алған Торғын «Аққу көлінде» толықтай сенім білдірмей дуэт құрау мүмкін емес деген ойда.

«Бұл физикалық түрдегі қолдау ғана емес, сонымен қатар бұл эмоциялық серіктестік. Дуэт кезінде әртістердің бірін-бірі сезінуі өте маңызды. Сенім болған кезде техникаға ғана емес, сондай-ақ бейне мен өзара әрекетке алаңсыз зейін қоюға мүмкіндік пайда болады. Тәжірибелі әрі ұқыпты серіктеске кезіккен менің жолым болды, онымен жұмыс істеу бір ғанибет», - дейді орындаушы.

Торғын Лебен ақ аққудың бейнесі өзіне көп жағдайда жақын екенін атап өтті. 

«Одетта – нәзіктіктің артында жасырынған ішкі қуаттың жүзеге асқан көрінісі. Мен өзімнің жеке ырғағымды іздеуді жалғастырудамын, дегенмен қазірдің өзінде кейіпкердің мінезін түсінетін сәттерім болады. Маған нәзіктік, айрықша көзқарас және қорқыныш пен үміттің арасындағы ішкі тұйықталу сезімі ұнайды. Меніңше, дәл осы қасиеттер Одеттаны айқын әрі шынайы етеді, - деп пікірімен бөлісті балерина. – Дайындықтардан бөлек, мен интерпретацияны тұрақты іздеу үстіндемін, музыканы өз бетімше талдап, өзімнің ішкі жай-күйімді бақылаймын, Одеттаның түрлі орындауларының бейнежазбаларын қараймын. Оны сол орындаушыларды қайталау үшін емес, бір бейненің қаншалықты әртүрлі үн қататынын түсіну үшін көремін. Өз даралығымды сақтау және осы партияны өн бойымнан өткізе отырып, осы бейнеде өз ырғағымды табу мен үшін маңызды», - деп қорытындылады балет әртісі. 

Торғын Лебенге нәзіктіктің бейнесіне айналуға тура келсе, оның әріптесі Камила Шахмановаға қара аққудың зұлымдығы мен жарқылын көрсету міндеті қойылды. Орындаушы үшін бұл осы маусымдағы Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі Марияның рөліндегі табысты дебютінен кейінгі кезекті маңызды кезең болмақ. 

«Одилияның бейнесі өзінің мәнерлілігімен баурап алады. Оның мінезін түсіну үшін П.Чайковскийдің музыкасына тереңнен бойлаймын, себебі барлық бағыт-бағдар – өктемшілік, айлакерлік пен салтанат сонда көрсетілген. Мен оның ханзаданы өзіне қаратып алатын еліктірерлік қуатын көрсетуім керек. Дайындық өте қарқынды жүруде, өйткені бұл рөлде әрбір көзқарасың мен басты қалай бұратының маңызды, - деді Камила Шахманова. - Сондай-ақ бұл партияда өзімді сынап көруге мүмкіндік бергені үшін, менімен жұмысқа қосқан үлесі, жеке тәжірибесімен бөліскені, қолдауы және арманымды жүзеге асыруға көмектескені үшін Алтынай Абдуахимқызына алғысымды білдіремін». 

Дарынды дебютанттардан бөлек, кейіпкерлердің бейнелерінде театрдың жарқын жетекші солистері сахнаға шығады: Одетта-Одилияның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева және София Әділханова таныстырады, ал бекзат ханзада Зигфридтің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев және Диас Құрманғазы өнер көрсетеді. «Астана Опера» симфониялық оркестрін қоюшы дирижер Арман Оразғалиев басқарады. Ағымдағы театр маусымы Әйгерім Бекетаева үшін шығармашылық қызметінің 15 жылдығымен тұспа-тұс келгені ерекше назар аударуға тұрарлық жайт. Жетекші солистің өзі мойындағандай, бір кездері «Аққу көліндегі» басты партияны орындауы оның таңдаған жолының дұрыстығына түбегейлі көз жеткізуіне түрткі болған екен.

Жылдың басында П.Чайковскийдің жауһарын көрсету театр үшін игі дәстүрге айналды.

Айта кететін бір жайт, репертуарда ұсынылған сахналық редакцияның премьерасы 2017 жылы Оманға гастроль кезінде өткен еді. Одетта-Одилияның партиясындағы өнер көрсетуіне жетекші әлемдік сахналарда көрермендер қол соққан Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова туындының тарихи ұлылығын сақтай отырып және оны жанды әрі өзекті етіп, өз пайымдауына құнды тәжірибесі мен классикаға деген терең көзқарасын қосты.

Қойылым үнемі қалың көрермен жинап, әрдайым отандық әрі шетелдік сарапшылар мен сыншылардың жоғары бағасына ие болуда. Еуропаға турне кезінде Испания мен Италиядағы көрермендер де осынау балетті таңданыспен қарсы алған. 

Спектакльдердің басталуы: 16 қаңтар – 19.00-де, ал 17-18 қаңтар – 17.00-де.