Астана мен Алматы халықаралық білім беру хабы ретіндегі позициясын нығайтып келеді
Қазақстанның ірі қалалары – Астана мен Алматы халықаралық білім беру кеңістігіндегі ықпалын күшейтіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әлемдік білім беру бағдарламаларын енгізу, цифрлық технологияларды дамыту және шетелдік серіктестермен байланысты кеңейту еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеруде.
Алматыда халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қаладағы бес мемлекеттік мектепте Халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасы пилоттық жоба ретінде енгізілсе, 2029 жылға дейін «Қазақстан – Сириус» халықаралық мектебі ашылады. Ал биыл қыркүйекте Ұлыбританияның беделді Charterhouse мектебінің филиалы алғашқы оқушыларын қабылдайды.
Сонымен қатар Алматыдағы барлық 227 мемлекеттік мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологиялары кеңінен енгізілген. Мұғалімдер мен оқушылар Gemini, NotebookLM, Canva сияқты платформаларды пайдаланып, мыңдаған цифрлық білім беру ресурсын қолдануда.
Халықаралық ынтымақтастықтың тағы бір көрінісі ретінде Қытай делегациясы Алматыдағы Lakeview School мектебіне арнайы сапармен келді. Кездесу барысында мектеп Қытай Халық университетіне қарасты Артықшылықты орта мектеппен және Хэфэй қаласындағы №1 орта мектеппен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Құжаттар бірлескен білім беру жобаларын іске асыруға және педагогтердің тәжірибе алмасуына жол ашады.
Lakeview School директоры Гүлнара Карамендина мұндай серіктестік қазақстандық білім беру жүйесін халықаралық тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу аясында қоғам қайраткері Алуа Байқадамова қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытайлық композитор Си Синхай арасындағы тарихи достық туралы әңгімелеп, екі халықты жақындастырған мәдени байланыстың маңызын айтты.
Мамандардың пікірінше, халықаралық серіктестіктің кеңеюі мен әлемдік тәжірибенің енгізілуі Астана мен Алматының халықаралық білім беру хабы ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түседі.