Астана көшелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қала көшелері мен жолдағы апат деңгейін төмендетуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында полиция тарапынан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына қатысты бақылау күшейтіледі.
«Мас күйінде көлік басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту секілді өрескел құқық бұзушылықтар анықталады. Сондай-ақ апат жиі болатын қауіпті учаскелерде рейдтік тексерулер жүргізіліп, бейнебақылау камералары мен мобильді құқық бұзушылықтарды тіркеу кешендерін қоса алғанда, техникалық бақылау құралдары қолданылады», - делінген хабарламада.
Қосымша патрульдік және жол-патрульдік полиция жасақтары жолдарда күшейтілген қызмет атқаруда.
Елорда полициясы жол қозғалысының барлық қатысушыларын мұқият болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауға шақырады.
Еске салайық, 23-25 қаңтар аралығында ел аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.