Астана күні: Елорда инвестицияның жаңа орталығына айналып келеді
6 шілде – Астана күні. 30 жылға жуық уақыт ішінде елорда Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығы ғана емес, экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Жыл сайын қалаға тартылатын инвестиция көлемі артып, жаңа өндірістер іске қосылып, әлеуметтік инфрақұрылым кеңейіп келеді. Бұл үрдіс жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей әсер етіп жатыр.
Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының Elordainfo.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабына сүйенсек, бүгінде елорда инвестициялық тартымдылығы бойынша республикадағы көшбасшы өңірлердің бірі саналады.
Астана – инвестиция тартудан еліміз бойынша көшбасшы
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысында елордаға негізгі капиталға 833,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 591 млрд теңгесі – жеке инвестициялар.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайыздық өсімді көрсетеді. Нәтижесінде Астана инвестиция тарту көлемі бойынша Қазақстан өңірлері арасында екінші орынға көтерілді.
Сарапшылардың пікірінше, жеке инвестиция үлесінің жоғары болуы бизнес өкілдерінің қала экономикасына деген сенімінің сақталғанын және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Инвесторларға қолдау қалай көрсетіледі?
Инвестиция көлемінің артуына мемлекеттік қолдау тетіктері де ықпал етіп отыр.
Басқарманың мәліметінше, бүгінде инвесторлар үшін ең көп қолданылатын екі негізгі құрал бар. Оның бірі – арнайы экономикалық аймаққа қатысу болса, екіншісі – инвестициялық келісімшарт жасау.
Бұл механизмдер инвесторларға салықтық және кедендік преференциялармен қатар, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндік береді. Соның арқасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімі қысқарып, олардың тиімділігі артады.

Сонымен қатар елордада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін фронт-офистер қызмет көрсетеді. Олар инвесторларды бизнес-идеядан бастап, жобаны толық іске қосқанға дейін сүйемелдейді. Мұндай тәсіл әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, жобалардың уақтылы жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Елордада 211 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр
Қазіргі таңда Жалпыұлттық инвестициялық пул аясында Астанада жалпы құны шамамен 2,2 трлн теңгені құрайтын 211 инвестициялық жоба сүйемелденіп отыр.
Аталған жобалар толық іске асқанда шамамен 28 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Жобалардың құрылымына қарасақ, инвестициялар бірнеше маңызды салаға бағытталған. Логистика және қойма инфрақұрылымы жалпы жобалардың 28,4 пайызын құрайды. Өнеркәсіп саласының үлесі – 25 пайыз, білім беру жобалары – 20 пайыз. Сондай-ақ спорт және туризм бағытындағы жобалар 15,6 пайызды, медицина саласы 8 пайызды құрайды. Қалған 3 пайызы өзге бағыттарға тиесілі.
Бұл көрсеткіштер елорда экономикасының бір ғана құрылыс секторына тәуелді болмай, түрлі бағыт бойынша дамып келе жатқанын аңғартады.
Инвестицияның басым бағыты өзгерді
Басқарма мәліметінше, соңғы жылдары инвестициялар құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалады.
Егер бұған дейін негізгі капиталдың басым бөлігі құрылыс саласына бағытталса, бүгінде көлік-логистика, өңдеуші өнеркәсіп, әлеуметтік инфрақұрылым және цифрлық технологиялар инвестиция өсімінің негізгі драйверіне айналып отыр.
Бұл үрдіс қаланың экономикалық моделінің біртіндеп әртараптандырылып жатқанын көрсетеді. Яғни Астана құрылыс қарқынымен ғана емес, өндіріс, технология және қызмет көрсету секторлары арқылы да өсіп келеді.

Инвестиция тұрғындарға қандай мүмкіндік береді?
Инвестицияның нақты нәтижесі ең алдымен қала тұрғындарының өмірінен көрінеді. Тартылған қаражат есебінен жаңа өндірістер іске қосылып, логистикалық орталықтар, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері мен қызмет көрсету нысандары ашылады. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарының құрылуына, әлеуметтік инфрақұрылымның кеңеюіне және халыққа көрсетілетін қызмет сапасының артуына ықпал етеді.
Басқарманың мәліметінше, тек биылдың өзінде Жалпыұлттық инвестициялық пул аясында жалпы құны шамамен 200 млрд теңге 29 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Соның нәтижесінде шамамен 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
