Астана-Алматы пойызы жаңарады: Stadler технологиясымен жасалған вагондар іске қосылмақ
Жаңа жолаушылар вагондары заманауи инженерлік шешімдермен жабдықталған, ұзақ мерзімді пайдалануға есептелген, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада «Штадлер Қазақстан» ЖШС өндірістік алаңында ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі кеңес өтті.
Іс-шараға Сүйіндік Алдашевтің жетекшілігімен Сенат депутаттары, сондай-ақ ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.
Сенаторларға Ұлттық тасымалдаушыға арналған жолаушы вагондарын өндіру барысы, өндірістің локализация деңгейі және кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Мамандардың сөзінше, жылжымалы құрам Қазақстанның климаттық жағдайын ескере отырып жобаланады, сондай-ақ тасымалдардың жайлылығын, қауіпсіздігін және қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Жаңа жолаушылар вагондары заманауи инженерлік шешімдермен жабдықталған, ұзақ мерзімді пайдалануға есептелген, сондай-ақ темір жолдардың электр жүргізілген және жүргізілмеген учаскелерінде қолдануға болады. Вагондар сыйымдылығының артықшылығы және эргономикалық интерьерімен ерекшеленеді.
Сондай-ақ биыл Stadler технологиясы бойынша өндірілген жолаушылар вагондарын Астана – Алматы бағыты бойынша іске қосу жоспарланып отыр», - деді ведомстводан.
Министрліктің мәліметінше, жасалған келісімшарт аясында 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу және кейінгі сервистік қызмет көрсету көзделген.
Бұған дейін Jibek joly туристік пойызы Душанбе қаласына дейін ұзартылғанын жазған болатынбыз.