Астана әлемдік гастрокартаға енбек: Gault&Millau-мен келісім жасалды
«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының басқарма төрағасы Артём Квашук халықаралық Gault&Millau гастрономиялық гидінің бас директоры Патрик Хаюнмен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл келісім елордадағы гастрономиялық туризмді дамытуға және Астананы заманауи халықаралық туристік дестинация ретінде ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Жоба аясында Gault&Millau халықаралық инспекторлары Астанадағы 150-ден астам мейрамхана мен 25-тен астам қонақүйге тәуелсіз бағалау жүргізеді.
Қорытындысында үздік мекемелер кәсіби баға алып, халықаралық гастрономиялық гидке ену мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, Gault&Millau («Сары гид») – Michelin гидімен қатар әлемдегі ең беделді мейрамхана рейтингтерінің бірі. 50 жылдан астам уақыт бойы гид үздік мейрамханаларды, қонақүйлерді және гастрономиялық жобаларды бағалап, HoReCa саласындағы халықаралық сапа стандарттарын қалыптастырып келеді.
Халықаралық тәжірибеде Gault&Millau нақты нәтижелер көрсетуде. Польшада жоғары деңгейлі мейрамханалар саны 3 жыл ішінде 25 пайызға артқан. Грузияда орташа чек көлемі өсіп, Еуропа, АҚШ және Таяу Шығыстан келетін премиум туристер ағыны көбейген.
Ал БАӘ-де, нақтырақ айтқанда, Дубай қаласында мейрамхана индустриясы кеңейіп, халықаралық шеф-аспаздар мен инвесторлардың қызығушылығы артқан. Бұл гидтің гастротуризм мен HoReCa секторының дамуына ықпалын дәлелдейді.
Бұдан бұрын шетелдік баспасөздердің елорданың туризмі туралы не жазып жатқанына шолу жасаған едік.