АШМ: Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстанға астық экспорты күрт өсті

АШМ: Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстанға астық экспорты күрт өсті
Фото: АШМ

«Қазақстан темір жолы» компаниясының деректері бойынша, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 15 қаңтарға дейін жаңа астық экспорты 5,1 млн тоннаға жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Былтыр осы кезеңіндегі экспорт көлемі 4,3 млн тонна болған. Осылайша, астықты сыртқы нарықтарға жеткізудің айтарлықтай өскені байқалып отыр.

Экспорттың негізгі бағыттары бойынша өсім деңгейі жоғары болды. Мысалы, Өзбекстанға астық жеткізу 40,2%-ға өсіп, 1 670 мың тоннадан 2 341 мың тоннаға дейін жетті. Қырғызстанға тасымал 76,5%-ға артып 85 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін жетті. Ауғанстанға астық экспорты 71,6%-ға артып, 350 мың тоннаға жетті.

«Жалпы, астық экспортының көлемінің артуы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені әлеуетінің жоғары екенін, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және дәстүрлі әрі жаңа нарықтарда қазақстандық астыққа сұраныстың тұрақты екенін дәлелдейді», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі астық экспортын субсидиялау кезіндегі заңсыздықтарды анықтаған болатын.