Астық экспортын субсидиялау кезіндегі заңсыздықтар анықталды
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 3 наурыздағы № 67 бұйрығымен бекітілген астықты тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға арналған субсидияларды төлеу қағидаларының қолданылуына талдау жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік қолдау тетігінің операторы болып табылатын «Ұлттық компания «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы»» АҚ-ның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екені анықталды.
Атап айтқанда, өтінімдерді қараудың Қағидаларда белгіленген кезектілік тәртібінен ауытқулар анықталды. Талдау көрсеткендей, жекелеген өтінімдер белгіленген мерзімнен едәуір асып (80–112 күнге дейін) қаралған, ал кейінірек берілген басқа өтінімдер бір отырыс аясында жедел түрде қаралған.
Аталған мән-жайлар бюджет қаражатының едәуір бөлігінің шектеулі алушылар тобының қолында шоғырлануына әкелген. Комиссияның алты отырысының қорытындысы бойынша субсидиялар көлемінің 60%-дан астамы компаниялардың шектеулі санына бөлінген, ал нарықтың басқа қатысушыларының өтінімдері негізсіз кейінге қалдырылған.
Анықталған фактілерге байланысты Агенттік «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-на бәсекелестікке қарсы әрекеттердің (әрекетсіздіктің) белгілері туралы хабарлама жолдап, бұзушылықтарды жоюды және өтінімдерді қарау кезінде күнтізбелік кезектілікті қатаң сақтау арқылы нарықтың барлық қатысушыларына мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімді етуді талап етті.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Агенттік хабарламасының орындалғаны туралы хабарлады. Алдағы уақытта осындай бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында Корпорация өтінімдерді электрондық портал арқылы қабылдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ ресми сайтта келіп түскен өтінімдер туралы тіркелген күні мен уақыты көрсетіле отырып ақпарат жариялауды қоса алғанда, бірқатар шараларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Еске салайық, бұдан бұрын Үкімет астық экспортын қолдауға қосымша 7 млрд теңге бөлгенін хабарладық.