Ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды – Президент

Бүгін, 14:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды – Президент
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы қаржылық барлау қызметкерлерінен отаншылдық қасиетті талап етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

– Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал. Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды.

– Бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді жою керек. Бұл бағытта біраз жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бірақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, жекелеген бизнес өкілдерінен әлі де арыз-шағым түсіп жатыр. Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс. Бұл, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты. Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2 710 іс қозғаған, оның 1 061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек. Кәсіпкерлер де заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттің оң көзқарасы мен қорғауын пайдаланып, салықтан жалтаруға, алаяқтық схемалар жасауға болмайды. Алаяқтыққа мүлдем жол бермейміз, – деді Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару азаймай тұрғанын айтқан еді.