«Археология жөніндегі заңды қабылдадық»: депутат Еркін Әбіл 2025 жыл жемісті болғанын айтты
Парламент Мәжілісінің депутаты, тарихшы, ғалым Еркін Әбіл 2025 жыл жемісті болғанын айтты. Депутаттық қызметінде археология жөніндегі заңды қабылдауға мұрындық болғанын, сондай-ақ бірнеше тарихи маңызы мол ғылыми еңбектері жарыққа шыққанын тілге тиек етті. Астаналық ғалым елордамыз үшін де 2025 жыл жемісті болып, көп өзгеріске қол жеткізілгенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Менің кәсіби қызметім екі бағытта. Біріншісі әрі негізгісі - депутат ретінде Парламент аясындағы жұмыс. Бұл бағытта биыл мен үшін, жалпы тарих ғылымы үшін өте маңызды археология жөніндегі заңды қабылдадық. Бұл - өте күрделі мәселе болды. Археологиялық қазба жұмыстарын жасау кезінде, оны зерттеу кезінде болатын көп күрделі мәселені осы заң арқылы шештік. Бұл тақырыпты көтеріп, депутаттық сауал жолдап, заңды дайындауға қатысып, құжатты қабылдадық. Біріншіден, лицензиялау жүйелендірілді. Екіншіден, жалпы металл іздейтін құралдарды пайдалануға тыйым салынды. Үшіншіден, Ұлттық археологиялық қызмет құрылатын болды. Сол жерде Қазақстан бойынша табылған барлық археологиялық жәдігерлер сақталады. Сондай-ақ музейлерге, жергілікті инспекцияларға қатысты көптеген мәселелер реттелді.
Екінші бағытым, мен – ғалыммын, ғылыммен айналысып жатырмын. Үлкен жобамызды биыл аяқтап жатырмын, 1 оқулығым, бірнеше мақалам жарияланды. Өзім жетекшілік ететін топпен бірге Солтүстік Қазақстан тарихына қатысты ғылыми жобамызды аяқтадық», - деді депутат.
Сондай-ақ депутат өзі тұратын Астанада да көп өзгерістің болғанын атап өтті.
«2025 жылы өзіміз тұратын Астанада да үлкен өзгеріс болып жатыр. LRT құрылысы аяқталды. Бұл ауқымды жоба деп есептеймін. Ірі мегаполистердегі транспорт жүйесі өзгеруі керек. LRT осы транспорт жүйесінің өзгеруінің бастамасы ретінде жаңа қадам болады деп ойлаймын», - деп бөлісті халық қалаулысы.
Депутаттың сөзінше, 2026 жыл саяси өзгеріс жылы болғалы тұр.
«2026 жылы елімізді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Әсіресе, саяси өзгерістер болады. 2027 жылы бір палаталы Парламентке көшу, жаңа Конституция қабылдау сияқты өзгерістерге Жаңа жылдан кейін дайындық жұмыстары басталады. Өзімнің жеке мақсаттарыма келетін болсақ, білім, ғылым туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынбақпын. Жалпы ғылыми орта үшін осы заңдағы өзгерістер оң әсерін тигізетін болады деп ойлаймын. Жеке ғалым ретінде интеллектуалды тарих туралы жаңа жобаны бастап жатырмыз. ХIХ-ХХ ғасырда қазақтың интеллектуалды қауымдастығы қалай дамыды, соны зерттейтін боламыз», - деді депутат.
Сөз соңында Еркін Аманжолұлы астаналықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Астаналықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Ең алдымен Жаңа жыл жаңа жетістік әкелсін! Қаламыз өсіп, өрлеп, дами берсін! Астаналықтар үшін жайлы қалалардың қатарына кірсін!», - деді ол.