Арал өңірі тұрғындарының денсаулығы Астанада Өңірлік экологиялық саммитінде талқыланады

Арал өңірі тұрғындарының денсаулығы Астанада Өңірлік экологиялық саммитінде талқыланады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастыруымен Арал өңірі халқының денсаулығына арналған панельдік сессия өткізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 алдағы 22-24 сәуір күндері Астана қаласында өтеді. Саммитке түрлі мемлекет пен халықаралық ұйымдардың, бизнес және ғылым өкілдері, шамамен 1500 делегат қатысады деп күтіліп отыр.

Іс-шарада Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлері және ДДҰ өкілдері бас қосады. Сессия өңірдегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі саналатын көлемінің 90 пайыздан астамын жоғалтқан және халық денсаулығына, соның ішінде анемия деңгейінің жоғары болуына әрі түрлі экологиялық факторлардың әсеріне ықпалын жалғастырып отырған Арал теңізінің тартылуы салдарына арналмақ.

Қатысушылар болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғау тәсілдерін талқылап, «Арал теңізі өңіріндегі салауатты болашақ» атты Жол картасы жобасын таныстырады. Сондай-ақ экологиялық тәуекелдерді азайту және орнықты дамуды ілгерілету мақсатында өңірлік ынтымақтастықты нығайту шараларын қарастырмақ.

Орталық Азия елдерінің үкіметтері мен ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы үйлестірілген іс-қимылдарды қалыптастыруға, сондай-ақ бастамаларды ДДҰ-ның негіздемелік құжаттарымен, халықаралық табиғатты қорғау келісімдерімен және Тұрақты даму мақсаттарымен сәйкестендіруге ерекше назар аударылмақ.

Айта кетейік,  RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын. 

Бұған дейін Қазақстанның халықаралық геологиялық карталау стандартына көшіп жатқанын жаздық.