Ақмола облысында «Qazaq Kaolin» комбинатының техникалық іске қосылуы өтті
Ақмола облысы Зеренді ауданының өндірістік алаңында «Qazaq Kaolin» ЖШС комбинатында жабдықтың техникалық іске қосылуы өтті. Тау-кен байыту комбинаты Алексеевское кен орнында каолин өндіру алаңы негізінде жұмысын бастады , деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Qazaq Kaolin» ЖШС бас директоры Марат Хасеновтің айтуынша, жоба байытылған каолин өндірісіне бағытталған. Кәсіпорында негізгі технологиялық бөлімшелердің жұмысы тексеріліп, сынақтық өнім партиясы шығарылды. Нысанда неміс компаниясы AKW мамандары жұмыс істеп, іске қосу-баптау жұмыстарын және жабдықты технологиялық сынақтан өткізуде.
«Фабриканың өндірістік қуаты жылына 230 мың тонна шикізат және 90 мың тоннаға дейін байытылған каолинді құрайды. Сонымен қатар жоба шеңберінде қосалқы өнім – төрт фракциялы кварц құмы шығару қарастырылған. Жабдық Германиядан, Қытайдан және Ресейден алынған, сондай-ақ Теміртау зауыты шығарған металл құрылымдар пайдаланылған. Негізгі құрылыс жұмыстарын Қарағанды қаласындағы AsiArt компаниясы орындады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрады», – деді Марат Хасенов.
Құрылыс 2025 жылдың тамызында басталған. Бүгінде негізгі өндірістік нысандар салынды, технологиялық жабдық іске қосылды, өнімнің сынақтық іске қосылуы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорында 53 қызметкер жұмыс істейді, жобалық қуатқа шыққаннан кейін қызметкерлер саны шамамен 90 адамға жетеді. Өндірісті толық іске қосу 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған.
Бұған дейін Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауыты салынатынын жазған едік.