Ақмола облысында 7 жалдау шарты жарамсыз деп танылды: 1 400 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Сандықтау ауданының прокуратурасы жер комиссиясының қызметін талдау барысында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс қорытындыларын шығару кезінде заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Конкурстың қорытындылары үш кезеңде шығарылғаны анықталды, ал қолданыстағы заңнамада конкурс өткізілгеннен кейінгі күні қорытындыларды шығару көзделген. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігіне теріс әсер еткен.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша сот тәртібімен 7 жалдау шартын жарамсыз деп тануды қамтамасыз етті.
«Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы ауданы 1 400 гектар болатын, құны 82 млн теңге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері қайтарылды», - делінген хабарламада.
Кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Еске салайық, бұдан бұрын Балқаш жағалауындағы туристік орын үшін берілген жер телімі мемлекетке қайтарылғаны туралы жаздық.