Әнші-сопрано Азиза Омарова «Астана Операдағы» «Жібек саты» операсында дебют жасайды
16 қаңтарда «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында опера труппасының солистері көрермендер назарына италиялық композитор Джоаккино Россинидің «Жібек саты» комедиялық спектаклін ұсынады, деп хабарлады Elordainfo.kz «Астана Опера» теарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты кейіпкер Джулияның партиясында шақырылған солист – сопрано, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана Опера» балалар студиясының алғашқы түлегі Азиза Омарова өнер көрсетеді деп жоспарлануда. Көрсетілім күні театрдың камералық оркестрін Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин басқарады.
Өзінің сүйіктісі Дорвильге жасырын тұрмысқа шығатын батыл қыз Джулияның хикаясы көрермендердің жүрегінен әрдайым лайықты орын алады. Жібек сатының көмегімен сүйіктісімен құпия кездесулер ұйымдастыратын тапқыр әрі жарқын кейіпкердің бейнесін бұл жолы алғаш рет шақырылған солист – сопрано Азиза Омарова сомдайды.
Дарынды опера әншісі үшін елордалық «Астана Опера» театрының сахнасы бөтен емес. Себебі ол – мұндағы балалар студиясының түлегі. Хор студиясында оқып жүрген кезінде Азиза Омарова «Тоска», «Богема», «Турандот» сынды бірқатар әйгілі операларда өнер көрсетті.
«Мен музыка мектебінің вокал сыныбын тамамдаған соң анам мені «Астана Операның» хор студиясына жазды. Театрға келіп, операмен және сахна сыртындағы әлеммен алғаш рет танысқан едім. Ұстазым Алтынғаным Ахметованың жетекшілігімен көптеген спектакльге қатыстым. Театр примасы Жұпар Ғабдуллинаның орындауындағы Турандоттың «In questa reggia» ариясын алғаш рет онымен бір сахнада тұрып естуім мен үшін ең жарқын естелік болып қалды. Сол кезде Пуччини музыкасының әсемдігінен, оркестрдің ауқымдылығы мен режиссерлік қойылымның жарасымды үйлесімінен көзіме жас алғаным есімде. Менің опера театрына деген махаббатым сол сәтте біртіндеп ояна бастаған еді. Хор студиясы бір-бірімізді тыңдап, дайындық барысынан өтуге, танымал солистермен бір сахнада өнер көрсетуге, дирижерді түсініп, режиссердің нұсқауларын орындауға, бір-бірімізді қолдап, мәңгілік өнердің бір бөлшегі болуға үйретті», - деп пікірімен бөлісті Азиза Омарова.
Азиза Омарова Италияның Новара қаласындағы Гвидо Кантелли атындағы мемлекеттік музыкалық консерваторияны тамамдаған.
«Студияның арқасында ұлы композиторлардың шығармашылығымен танысып, әлі күнге дейін араласып жүрген жаңа достар таптым. Менің жолымда кездескен әрбір ұстазыма алғысымды айтамын. Сондай білікті шеберлерден сабақ алған менің жолым болды, олар маған сенді және әлі күнге дейін зор үміт артады! Олар музыка әлемінде ғана емес, өмірде де менің нұсқаушыма әрі тәлімгеріме айналды», - деді ол.
Қазіргі таңда ол Дж.Верди атындағы консерваторияның магистратурасында білім алуда. Қазақстандық сопраноға шетелдің беделді сахналарында көрермендер қошемет көрсетті. Әртіс Чивитанова-Марке қаласындағы (Италия) Дж.Россини театрында В.А.Моцарттың «Бәрі осылай жасайды» операсында Деспинаның, Комо қаласындағы Қоғамдық театр сахнасында А.Баццинидің «Туранда» операсындағы Адельманың партияларын және басқа да маңызды рөлдерді сомдады. Ол Джулия партиясы өзі үшін вокалдық тұрғыдан ыңғайлы екенін, себебі онда белькантоға тән бояулар мен әуендер барын атап өтті.
«Колоратуралар стильдік жағынан ерекше, кей тұстарда тіпті дәстүрден тыс жазылған, бұл партияны драматургиялық әрі вокалдық-техникалық жағынан сан қырлы етеді. Россини бұл операны жиырмадағы жас композитор болған кезінде жазған және бұл оның жастық шағында өмірге әкелген ең үздік комедиялық фарстарының бірі саналады. Бүкіл опера менің кейіпкерім Джулияның айналасында өрбиді. Ақылды да тапқыр бойжеткен барлық әрекетті батыл басқарады. Бұл мен үшін Россинидің операсындағы басты партиядағы ғана емес, жалпы «Астана Операның» Камералық залы сахнасындағы солист ретіндегі дебютім болмақ. Сондықтан мен қатты толқимын әрі зор жауапкершілікті сезінемін», - деп қорытындылады шақырылған солист.
Онымен бірге алдағы комедиялық спектакльдегі басқа да кейіпкерлердің бейнелерін «Астана Опера» опера труппасының жарқын солистері жүзеге асырады. Дорвильдің партиясын Артур Ғабдиев таныстырса, Джерманоның бейнесін Расул Жармағамбетов сомдайды. Бланзактың рөлінде Ержан Саипов өнер көрсетеді. Лючилланың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская ұсынады. Дормонттың бейнесінде Талғат Аллабиринов көрермендердің алдына шығады. «Астана Опера» шығармашыл жастарға әртіс ретінде қалыптасу жолында әрі қарай да қолдау білдіруге ниетті екенін атап өтуіміз керек.
«Piccolo» театры танымал жобасы аясындағы «Жібек саты» операсы елордалық сахнада 2019 жылдан бері табысты ұсынылып келе жатқанын еске саламыз. Сондай-ақ, ұжым бұл спектакльді Қазақстанның бірқатар қаласында және шетелде гастроль кезінде ойдағыдай таныстырды.
Спектакльдің басталуы - 19.30-да.
Бұған дейін «Астана Опера» солисі әйгілі Үлкен театр сахнасында өнер көрсеткенін жаздық.