Алаяқтар жасөспірімдердің аккаунттарын пайдаланып жүр – ІІМ ескерту жасады
ІІМ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды бөгде адамдарға беру жағдайлары көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар жасөспірімдерден sim-карталар мен аккаунттар алып, оларды өз мақсаттарына пайдалануда. Полиция мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу ретінде сараланатынын ескертті.
- Кәмелетке толмағандардың материалдық сыйақы алу мақсатында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үшінші тұлғалардың өтінішімен sim-карталарды іске қосып, оларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тіркеп, кейін басқа адамдарға беру жағдайлары тіркелуде. Қаскөйлер бұл аккаунттарды азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен өзге де заңсыз әрекеттерді жасау құралына айналуы мүмкін. Заңнамаға сәйкес мұндай әрекеттер қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде қаралады, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарды күмәнді sim-карталар мен құрылғыларды сатып алмауға және таратпауға, жеке аккаунттарын бөтен адамдарға пайдалануға бермеуге шақырды. Сондай-ақ ата-аналарға балаларға мұндай әрекеттердің салдары мен жауапкершілігін түсіндіру ұсынылды.
Полиция азаматтарға күдікті жағдайлар байқалған кезде құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес беріп, интернет кеңістігінде барынша сақ болуға үндеді.
Еске салсақ, Шығыс Қазақстанда алаяқтық жолмен 20 млн теңге жымқырған тұрғын сотталды.