Аида Балаева мектеп оқулықтарындағы өрескел кемшіліктер туралы айтты
Қазақстан мектептерінде қолданылып жүрген оқулықтардан 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы оқулықтарда техникалық және стильдік кемшіліктерден бастап, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, оқу бағдарламасына үйлеспейтін материалдар және ескірген әдістемелік тәсілдер кездеседі.
«Әсіресе ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында қарастырылмаған шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр», – деп жазды Аида Балаева.
Оның мәліметінше, кейбір оқулықтар белгіленген мерзімде қайта қаралмай, мазмұндық тұрғыдан тоғыз жылға дейін өзгеріссіз қолданылып келген.
Министр оқулық сапасы тек баспалардың мәселесі емес, бұл еліміздегі білім беру деңгейіне және балалардың болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті.
«Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы әрі уақыт талабына сай болуы керек», – деді ол.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарын кезең-кезеңімен жаңартуды қолға алады. Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.
Аида Балаеваның айтуынша, негізгі мақсат – Қазақстандағы барлық мектепті заманауи талаптарға сай, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету.
Бұған дейін Аида Балаеваның төрағалығымен Үкіметтің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыруға кіріскенін жазған болатынбыз.