Айбота Ертайқызы: Мықты қарсыластарым мені жігермен алға ұмтылуға ынталандырады
Қазақстандық көркем гимнастика өкілдері кейінгі жылдары халықаралық аренада тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Соның жарқын дәлелі – Бішкекте өткен Азия чемпионатында жеке көпсайыстан күміс жүлде иеленген Айбота Ертайқызы. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі ұлттық құрама көшбасшысының бірімен сұхбаттасып, жарыстағы өнері, басты қарсыластары, жеке қызығушылығы туралы әңгімелесті.
- Азия чемпионатында күміс жүлдеңізбен құттықтаймыз! Өзіңіздің көпсайыстағы өнеріңізге қаншалықты көңіліңіз толады?
- Көп рақмет! Өзімнің спорттық мансабымда үшінші мәрте сары құрлықтың додасына қатысып, екінші жыл қатарынан үздіктер қатарына кіріп жатырмын. Бұған дейін 2024 жылы 5-орынға тұрақтасам, 2025 жылы қола жүлдеге ие болдым. Биыл сол көрсеткішімді жақсартып, 113.650 ұпаймен күміс жүлде еншіледім. Ең бастысы, өзімді жинақтап, жаттығуымды үлкен қатесіз орындай алғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін өте маңызды болды. Дегенмен, әлі де түзететін көп жұмыс бар екенін білемін. Алдағы уақытта сол кемшілікті түзетіп, бұдан да жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенемін.
- Көпсайыс бағдарламасында Өзбекстан, Қытай елдері фаворит ретінде саналды ғой. Оның үстіне ел чемпионаты мен әлем кубогы кезеңінде сіз осындай үлкен ұпай жинамаған секілді едіңіз? Өз деңгейіңізден жоғары ұпай жинауға не әсер етті?
- Наурыз айының соңында Софиядағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде менің бағаларым (107.300 ұпай) Азия чемпионатындағы нәтижелерімен шамалас болды. Одан кейін сәуір айының ортасында Бакудегі Әлем кубогының үшінші кезеңінде (97.700 ұпай) бағдарламамды жақсы орындай алмадым. Сондықтан нәтижем де төменірек болды. Ал Қазақстан чемпионатында бізді әдетте қатаңырақ бағалайды. Себебі бұл жарыстың негізгі мақсаты халықаралық жарыстар алдында қандай бағытта жұмыс істеу керектігін көрсету. Алынған бағаларға қарамастан, Қазақстан чемпионатындағы өнерімді жаман болды деп айта алмаймын. Оның үстіне бұл жарыс Азия чемпионатына бір апта қалғанда ғана өтті.

- Жеке бағдарламаңыздың көрсеткішіне назар аударсақ, ең жоғары нәтижеге лентамен жаттығуда қол жеткізеді екенсіз. Сіз үшін ұнайтын сайыс түрі осы ма? Әлі қай жаттығу түріне басты назар аудару керек деп санайсыз?
- Лентамен жаттығу маған кішкентайымнан бастап ұнайды. Оның өзіндік әсемдігі, динамикасы бар. Бірақ көркем гимнастикада бір ғана жаттығуға басымдық беру дұрыс емес деп ойлаймын. Біз көпсайыста өнер көрсететіндіктен, әр жаттығу бойынша тұрақты әрі жоғары деңгей көрсету маңызды. Сондықтан барлық бағдарламаны жетілдіруге көңіл бөлемін.
- Жарыс барысында сіздердің басты қарсыласыңыз Тахмина Икромова бас жүлде алды ғой. Әлемдік деңгейдегі спортшымен бәсекелесу сіз үшін қандай тәжірибе болды?
- Мен әр жарыста ең алдымен өз өзіме көңіл бөліп, өзімнің ең жақсы нәтижемді көрсетуге тырысамын. Сондықтан мықты қарсыластың болуы мені одан әрі дамуға және көбірек жұмыс істеуге ынталандырады.
- Көркем гимнастикада бәсекелестік деңгейі жоғары ғой. Өз қалпыңызды ұстап тұру қаншалықты қиын?
- Әр жарыста спортшылардың деңгейі өсіп келеді. Ел ішінде де көркем гимнастикаға деген қызығушылық жоғары. Өздеріңіз білетіндей, бір ғана Астана қаласының өзінде 20-дан астам көркем гимнастика мектебі бар. Сондықтан өзіңді үнемі дамытып, жаңа талаптарға бейімделу маңызды. Әрине, кейде физикалық және психологиялық тұрғыдан қиын болады. Бірақ бұл менің ойымша, спорттың және жалпы спортшы жолының ажырамас бөлігі. Күн сайын өзімді жеңсем, кешегіден жақсырақ болсам ол мен үшін кішкене жетістік.
- Кез келген спортта біз тек спортшылардың жарыстағы сәтін ғана көрумен шектелеміз ғой. Жалпы осы спорт түрінде қандай қызықты жайттар тіркеледі? Өзіңіздің басынан өткен оқиғамен бөліссеңіз?
- Қызықты оқиғалар өте көп. Соның ішінде есімде ерекше қалғаны – алғашқы Азия чемпионатындағы жағдай. Жарыс күні таңертең сағаттың қоңырауын естімей, ұйықтап қалыппын. Оянған кезде қатты сасқалақтап, тез жиналуға тура келді. Соған қарамастан өзімді қолға алып, жарысқа дайындалып үлгердім және жақсы өнер көрсеттім. Қазір сол оқиғаны күліп еске аламын. Бірақ ол маған кез келген жағдайда сабырлы болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
- БАҚ беттерінде сіздің жылдың басында жарақатқа байланысты кей турнирлерді өткізіп алғаныңыз жайлы айтылды ғой. Қазір толыққанды қалыпқа келдіңіз бе?
- Жыл басында жарыс кезінде ұзақ жол мен бұлшықеттерге түскен жүктеменің салдарынан арқам қысылып қалды. Соған байланысты 2-3 күн толыққанды жаттыға алмадым. Бірақ кейін тез қалпыма келіп, жаттығу процесіне қайта оралдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін және толық көлемде жаттығып жүрмін.
- Көркем гимнастикада көп спортшылар 20 жасқа дейін жарыс жолын аяқтап, өмірдің келесі кезеңіне қадам басып жатады ғой. Өзіңіз көркем гимнастикадан басқа неге қызығасыз?
- Көркем гимнастика менің өмірімнің үлкен бөлігі болғанымен, басқа да қызығушылықтарым бар. Маған спорт менеджменті мен жалпы спорт индустриясының дамуы қызық. Болашақта спортпен байланысты бағытта өзімді дамытып, тәжірибемді басқа қырынан қолданғым келеді.
- Киноларда спортшылардың жарыс алдында белгілі бір ырымды ұстанып жатқанын көрсетіп жатады ғой. Сіздің де қандай да бір қағидатты қатаң ұстанасыз ба? Өзіңізді қалай жігерлендіресіз?
- Мен қандай да бір ырымды қатты ұстанбаймын. Жарыс алдында ең бастысы – өз жұмысыңа сену. Өйткені сенімділік күнделікті дайындықтан келеді. Өзімді жігерлендіру үшін осы күнге дейін атқарған еңбегімді еске аламын және «қолымнан келгеннің бәрін жасадым, енді барымды көрсетуім керек» деп ойлаймын.

- Көркем гимнастика қыздардың арасында танымал спорттардың бірі ғой. Осы жағынан алсақ, сізді көшеде қаншалықты танып жатады? Сізді үлгі тұтатын жас спортшылар бар шығар?
- Иә, түрлі жерде танып жататын жағдайлар болады. Әсіресе жас гимнаст қыздардың келіп, суретке түсіп, сұрақ қойып жатқаны қатты қуантады. Өйткені мен де кезінде үлкен спортшыларға қарап бой түзеп өстім. Егер менің жетістіктерім олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, алға ұмтылуына мотивация берсе, бұл мен үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Сондықтан әрдайым өз іс-әрекетіммен және еңбегіммен жақсы үлгі көрсетуге тырысамын.
- Бұл спортта жетістікке жету үшін Ресейге барып жаттығу керек деген ой қалыптасқан. Бірақ кейінгі уақытта отандық бапкерлер де шәкірттерімен әлем кубогы кезеңінен жүлделі оралып жүр. Сіздің ойыңызша, отандық көркем гимнастиканың алға жылжуына не әсер етті?
- Бұл спорт министрлігінің, бапкерлердің, басшылардың, төрешілердің және бірнеше буын спортшының көптеген жылдар бойы өз еңбегін осы спорт түрінің дамуына арнаған ортақ еңбегінің нәтижесі. Себебі нәтиже көптеген факторлардың жиынтығы ретінде қалыптасады: жүйелі жұмыс, тәжірибе, білім алмасу және үздіксіз даму.
- 2026 жыл cіздер үшін жарысқа толы ғой. Әлем кубогының кезеңдерін санамағанның өзінде Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және ерекше көңіл бөлінетін жазғы Азия ойындары бар. Сіздер үшін қиынға түспей ме?
- Спортшы кез келген жағдайға дайын болуы керек. Бұл біздің жұмысымыз ғой. Тек биыл ғана емес, 2025 жылы да әлем кубогы, Азия мен әлем чемпионаты, жазғы Универсиада ойындарында ел намысын қорғаған едім. Сондықтан алдағы жарыста Қазақстан атынан барымды салуға уәдемді беремін.
- Сұхбатыңызға рахмет!