Адам құндылығы, әділет және құқықтық сана: Жұмабаев атындағы колледж ұжымымен мазмұнды кездесу өтті

Адам құндылығы, әділет және құқықтық сана: Жұмабаев атындағы колледж ұжымымен мазмұнды кездесу өтті
Фото: коалиция

Астанада Жалпыұлттық коалиция өкілдері М.Жұмабаев атындағы колледж ұжымымен кездесіп, Жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан өзекті бастамалар төңірегінде мазмұнды пікір алмасты. Кездесу барысында адвокация мәдениеті, білім мен ғылым саласындағы өзгерістер, Миранда ережесінің құқықтық мәні, неке институты, адам құндылықтары және тіл мәселесі кеңінен айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға AMANAT партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Абай Құрманқұлов, «Ел қазына» компаниясының басшысы Нұрлан Ыбырайымов, Respublica партиясының мүшесі Дастан Давлетияров және «Profi DM» ЖШС-нің директоры Вероника Масимова қатысты.

Кездесу әдеттегі түсіндіру форматынан гөрі ашық диалогқа жақын өрбіді. Спикерлер жаңа конституциялық өзгерістердің мәнін құрғақ нормалармен емес, күнделікті өмірмен, білім беру ортасымен және жас буынның құқықтық санасымен байланыстыра отырып түсіндірді. Осы тұрғыдан алғанда колледж ұжымымен мұндай мазмұнды әңгіме өткізу — заңды құрметтейтін, өз құқығын білетін және қоғамдық үрдістерге бейжай қарамайтын орта қалыптастырудың маңызды бөлігі екені айтылды.

Пікір алмасу барысында білім мен ғылым саласына қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Қатысушылар сапалы білім мен мықты ғылыми орта елдің ұзақмерзімді дамуын айқындайтын негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан Жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіруде тек құқықтық тетіктер ғана емес, сонымен бірге ұстаз беделі, жастардың зияткерлік әлеуеті, білімнің қолжетімділігі және жауапты азамат тәрбиелеу мәселесі де бірге қаралды.

Кездесудің маңызды бөлігі Миранда ережесінің құқықтық мазмұнына арналды. Бұл қағидат әр азаматтың өз құқығын білуі, өзіне қарсы айғақ бермеу құқығы, заңгер көмегіне жүгіну мүмкіндігі және құқықтық рәсімдердің әділ өтуі секілді негізгі кепілдіктермен тығыз байланысты екені түсіндірілді. Әсіресе жастар аудиториясы үшін мұндай ұғымдарды түсіндіру – құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, заң алдындағы қорғаныс тетіктерін шынайы сезінуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

«Миранда ережесі — жай ғана құқықтық термин емес, бұл азаматтың заң алдындағы қорғалуын, қадір-қасиетін және әділ рәсімге деген құқығын нақты айқындайтын қағида. Адам өз құқығын білсе ғана өзін сенімді қорғай алады. Сондықтан мұндай нормаларды жастарға түсіндіру — құқықтық мемлекет мәдениетін орнықтырудың маңызды бөлігі», – деді Абай Құрманқұлов.

Сонымен қатар неке, отбасы және адам құндылықтары мәселесі де кеңінен қозғалды. Қатысушылар қоғамның беріктігі ең алдымен адамға деген құрметтен, отбасы институтының тұрақтылығынан, жауапкершілік пен өзара сенімнен басталатынын айтты. Жаңа Конституция жобасының мазмұнында адам қадір-қасиетін қорғау, оның құқығы мен еркіндігін басымдық ретінде қарастыру қағидатының күшеюі — осы бағыттағы маңызды қадам ретінде бағаланды.

«Кез келген реформаның түпкі мәні адаммен өлшенеді. Егер қоғамда адам қадірі, отбасы құндылығы, тілге құрмет, білімге ұмтылыс пен жауапкершілік секілді іргелі ұстанымдар берік болса, мемлекет те орнықты дамиды. Жаңа Конституция жобасының басты маңызы — осы құндылықтарды құқықтық деңгейде күшейтуінде», – деді Нұрлан Ыбырайымов.

Кездесу қорытындысында Жаңа Конституция жобасы құқықтық жүйені жетілдірумен ғана шектелмейтін, қоғамның ішкі сапасын арттыруға, адам құндылығын алдыңғы орынға шығаруға және құқықтық сананы күшейтуге бағытталған маңызды құжат екені атап өтілді.