Абай облысында жер пайдалану және орманды қорғау саласында заңбұзушылықтар анықталды
Бородулиха ауданында мемлекеттік жерлерді заңсыз иелену және орманды заңсыз кесу фактілері анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас пркуратураның мәліметінше, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ертіс орманы» МОТР РММ-нің лауазымды тұлғалары заңды негіздерсіз Успенка және Поднебесное елдімекендерінің жайылымдық алқаптарына дайындалған ағаш материалдарын орналастырған.
Аталған жер учаскелері «Ертіс орманы» МОТР РММ-не пайдалануға берілмеген.
«Жерді заңсыз пайдалану фактілері бойынша «Ертіс орманы» МОТР РММ-нің екі лауазымды тұлғасы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұлдары төленді.
Сонымен қатар Новошульба филиалының Успенка орманшылығында жалпы көлемі 96,7 м³ болатын «қарағай» тұқымдас 92 ағаштың заңсыз кесілуі анықталды. Келтірілген залал 760 мың теңгеден асты», - делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша аудан прокуратурасы материалдарды тіркеп, полиция органдарына жолдаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша орман шаруашылығының лауазымды тұлғалары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Жер пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласында заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі прокуратура органдарының жұмысы жалғасуда.
Бұдан бұрын еліміздің мемлекеттік орман қоры 60,2 мың гектарға артқанын жазған едік.