2025 жыл қорытындылары: азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру

8 қаңтар, 2026
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
2025 жыл қорытындылары: азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру
Фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылдың қорытындысы бойынша прокуратура органдары 300 мыңнан астам азаматтың әлеуметтік құқықтарын қорғауды және қалпына келтіруді қамтамасыз етті. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде мемлекетке 1 трлн теңгеден астам шығын өтеліп, 250 млрд теңгеге бюджет шығындарының алдын алынды.

Сот жүйесінде заңдылықты қамтамасыз ету саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Мыңға жуық адамға қатысты сот актілері заң талаптарына сәйкестендіріліп, 150 сотталғанның жағдайы жақсартылды, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша шамамен 3 мың сот актісі түзетілді.

Қылмыстық салада адам құқықтарының сақталуы

Қылмыстық процесс пен пенитенциарлық жүйеде адам құқықтарының сақталуына ерекше назар аударылды. 2025 жылы 4 мыңнан астам адамды қылмыстық процеске заңсыз тарту деректерінің жолы кесілді. Азаптау фактілерінің саны 56%-ға төмендеді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптау жағдайларына жол берілген жоқ, суицид деңгейі 34%-ға азайып, сотталғандардың еңбекпен қамтылу көрсеткіші 16%-ға артты.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл

Есірткі қылмысына қарсы белсенді жұмыс жалғастырылды. Қылмыстық жолмен алынған есірткі кірістерін бұғаттау алгоритмін іске асыру басталды. Нәтижесінде 2,6 млрд теңге сомасына 222 мыңнан астам «дропперлік» шот бұғатталды. Прокурорлардың бастамасымен тергеу шеңберінде 10 млрд теңгеден астам сомаға активтерге тыйым салынды.

Активтерді қайтару

Жалпы соңғы екі жылда заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаражат өндірілді. Оның ішінде мемлекет кірісіне 1 трлн 76 млрд теңге сомасында ақшалай қаражат пен мүлік қайтарылды.

Аталған қаражат есебінен еліміздің барлық өңірлерінде 434 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы аяқталды және жалғасуда. Оның ішінде 227 сумен жабдықтау нысаны, 183 медициналық мекеме, сондай-ақ 11 білім беру, 5 спорт және 8 инфрақұрылымдық нысан бар.

Олардың 200-ден астамының құрылысы толық аяқталды, атап айтқанда: 140 медициналық, 66 сумен жабдықтау, 2 спорт және 2 білім беру нысаны.

Олигополия субъектілерімен жалпы сомасы 5 трлн теңгеден асатын инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер жасалды.

Бизнес пен инвестициялық ахуалды қорғау

Президент тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық жобаларға құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Прокурорлар экономикаға 25 трлн теңгеден астам қаражатын инвестициялаған шамамен 2 мың инвесторға көмек көрсетті.

Қадағалау және үйлестіру шараларының нәтижесінде бизнеске қатысты басталған қылмыстық істердің саны екі есе қысқарды.

Бұл бағыттағы жұмыс Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің құрылуымен жаңа деңгейге көтеріліп, ол инвестициялық қауіпсіздікті және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жүйелі құралына айналады.

Халықаралық ынтымақтастық және экстрадиция

Бас прокуратура халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Төрт халықаралық келісім ратификацияланып, Сингапур және Катар мемлекеттерімен өзара іс-қимыл туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Жалпы 38 шет мемлекетпен 85 екіжақты келісім жасалған.

Ресей, БАӘ, Қырғызстан, Грузия, Польша, Әзербайжан, Испания, Германия, Сербия, Сауд Арабиясы, Армения, Беларусь, Түркия, Литва және Швеция елдерімен 69 экстрадициялау туралы талап қанағаттандырылды.