«Кейін ұстаймын деген болмайды»: Нұрлан имам ораза қарызы туралы айтты


Көпшілікке белгілі Нұрлан қажы Байжігітұлы әлеуметтік желіде Ораза айттан кейін «қарыз оразаны ұстаймын ба, әлде бір жылдық ораза ұстағанмен тең Шәууәл айының нәпіл оразасын ұстаймын ба» деген өзекті сұраққа жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ораза айт - бір күн, ал Құрбан айт - үш күн атап өтіледі. Рамазан айының өзі және оның кәффараты мен қазасы да парыз болып есептеледі, яғни, Құрандағы құдайдың бұйрығы. Қазір біз сауабы 360 күнге тең деген нәпіл оразаны дәріптегеніміз соншалық, Рамазан айының қадірін төмен түсіріп жатырмыз, қарызымен қосып. Оны кейін ұстаймын деген болмайды. Бірінші қарыздан құтылыңыз, қанша күн қарызыңыз бар, соны өтеңіз»,- деді Нұрлан имам.
Оның сөзінше, нәпіл оразаны ұстау міндет емес.
«Шәууәл айы бір айға созылады. Нәпіл ораза – сауап, бірақ міндет емес, қосымша, таласатын дүние емес. Екеуіне бір ниет қылмайды, екеуі жеке-жеке құлшылық. Рамазанның қарызы мойныңда тұрған кезде нәпілді ұстау сәл қиыспайтын дүние. Өйткені қарыз үшін сұраласыз, ал нәпіл үшін сұралмаймыз. Бұл сауапты амалдың бірі, ұстасаңыз – сауап, ұстамасыңыз – сұрағы жоқ. Сондықтан сұрағы бар нәрсеге ұмтылуға шақырамын», - деді имам.



