Катонқарағайда жұмыс күні неге бір сағатқа ерте басталады


Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында биылдан бастап мемлекеттік және әлеуметтік мекемелер үшін жаңа жұмыс кестесі пилоттық режимде енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша жұмыс уақыты 08:00-ден 17:30-ға дейін деп белгіленді. Бұл режимге ауданның 40 мекемесі көшіп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Altainews.kz-ке сілтеме жасап.
Катонқарағай ауданы әкімінің 2024 жылдың 30 желтоқсандағы №49 өкімімен 2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап аудан әкімі аппаратының, ауылдық округтердің, дербес бөлімдердің қызметкерлеріне жұмыс уақыты 08.00-ден 17.30-ға дейін, түскі үзіліс 12.00-ден 13.30-ға дейін белгіленіп отыр.
«Катонқарағай ауданындағы жұмыс күнінің 8.00-де басталуы табиғи ортаға, жергілікті халықтың тұрмыс салтына және экономикалық белсенділікке сай келетін пайдалы шешім болды деп ойлаймыз. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, өңірдің дамуына оң ықпал етеді», – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары.
Басылым тілшісі былтыр желтоқсанда облыстың басқарма басшылары топ болып, екікүндік іссапармен Катонқарағай ауданына барғанын жазды. Бірқатар ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде жұмыс уақытын сағат 8:00-ден бастау туралы ұсыныс талқылған. Нәтижесінде барлық ауылдарда көпшілік жұмыс күнін таңғы 8.00-ден бастауды бірауыздан қолдап, дауыс берген.
Жаңа жұмыс режимі енгізілгеннен кейін бір жарым ай өткен соң Altainews.kz тілшілері аудан тұрғындары арасында шағын сауалнама жүргізді. Көпшілігі жұмыс күнінің ерте басталуын оң бағалап, бұл өзгерісті қолдайтындықтарын білдірді.
Егер бұл тәжірибе өз тиімділігін дәлелдесе, алдағы уақытта өзге аудандарда да кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін.



