00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Армандар шаңырағы» атты әлеуметтік акция өтіп жатыр

12 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада «Армандар шаңырағы» атты әлеуметтік акция өтіп жатыр
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Бүгін елордада Әз-Наурыз мерекесіне орай  «Армандар шаңырағы» атты әлеуметтік акция өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұра ауданы әкімдігі ұйымдастырған акция барысында Астана қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келуші балалар армандарын қағазға түсіреді.

Елордалық Сандуғаш  Нұрсейітова – көпбалалы ана. Оның  кенже баласы қазіргі кезде осы орталықта оңалтудан өтіп жүр. 

Ұлым Естай – 7 жаста. Баламның  сөйлеу қабілеті кеш дамып жатыр. Бұл орталық бізге ұнайды. Мұнда бізбен күн сайын логопед, психолог секілді мамандар жұмыс істейді.   Орталықтың әлеуметтік қызметкерлері балаларға жақсы қарайды. Бүгін керемет акция өткізіліп жатыр. Ерекше балаларды елеп, ескеріп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Біз үй жағдайында қойылған батут болмаса 2 дөңгелекті велосипед  сұрап отырмыз, - деді анасы. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. 

Астана қаласы әкімдігінің  «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2022 жылы ашылған. Мұнда қазіргі кезде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 640 мүмкіндігі шектеулі бала бар.  Күн сайын 70-тен аса бала оңалтудан өтеді. Олар әртүрлі мамандардың қызметін алады. Сондай-ақ орталықта би, вокал секілді үйірмелер жұмыс істейді, - деді орталық директоры Ердәулет Аманбай. 

Елордалық меценаттар мен кәсіпкерлер Нұра ауданына қарасты 70 баланың арманын орындамақшы. Олар сыйлықтарды наурыздың 21-іне дейін балаларға табыстайды.