Астана мен Бурабай арасында жаңа заманауи электр пойызы қатынайды


Шілде айының басында «Астана – Бурабай курорты» бағыты бойынша жаңа жайлы электр пойызы жолға шығады. Бұл бастама «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа пойыз бірінші, екінші және үшінші класты алты вагоннан тұрады. Жалпы сыйымдылығы – 374 орын. Құрам барлық техникалық сынақтардан өтіп, қазір Кеден одағының техникалық регламентіне сай соңғы құжаттар рәсімделіп жатыр.
«Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Әр класта биодәретханалар орнатылған, олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы кабиналар бар. Сондай-ақ, платформалық көтергіштер мен автоматты түрде шығатын аяқ тіректері орнатылып, егде жастағы жолаушылар мен балалармен саяхаттайтын отбасылар үшін де ыңғайлы жағдай жасалған»,- делінген ҚТЖ хабарламасында.
Әрбір орын USB қосқыштарымен жабдықталған, бұл жолаушылардың мобильді құрылғыларын сапар барысында қуаттауға мүмкіндік береді. Пойызда сонымен қатар салқын сусындар мен жеңіл тағамдар ұсынылады.
Айта кетейік, бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ Астана мен Қарағанды арасында Comfort+ форматындағы электр пойызын іске қосқан болатын. Ол алты вагоннан тұрады және 576 жолаушыға арналған.