Артиллериялық қарулардың оқ-дәрілеріне сұраныс көп – Аңсаған Балтабеков
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Kazakhstan Paramount Engineering зауытына барды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Біз шығаратын «Alan», «Arlan», «Barys» секілді брондалған дөңгелекті машиналар әскери салада өзін дәлелдеп үлгерді. Мәселен, «Аlan» әскери техникасы Әзербайжан елінде шынайы сынақтан өтті. Қазақстандық брондалған көлік Әзербайжан Қорғаныс министрлігіне тиесілі әскери журналдың мұқабасына жарияланды. Тіпті оған шетелдіктер «Темір періште» деген атау берген. Міне, бұл бізде шығарылатын бронды әскери техникалардың сапасы мен қажеттілігін айқындай түседі», - деді бас директор Ербол Салимов.
Кәсіпорын басшылығы алдағы 5 жылда оқ-дәрі өндірісін қолға алуды көздеп отыр. Қазақстанда жасалатын оқ-дәрілер экспортқа лайықталады.
«Бұл – жақсы бастама. Өйткені, қазіргі сәтте артиллериялық қарулардың оқ-дәрілеріне сұраныс көп. Сондықтан алдымен Қазақстандық нарыққа көңіл бөлген жөн», - деді Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы.