Нұр-Сұлтанда бір күнде 177 адам төтенше жағдай режимін бұзды
Елордада жағдай тұрақты. Түнгі сағат 23.00-ден бастап таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат жалғасуда. Қала периметрі бойынша 6 блокбекет тәуліктік режимде жұмыс істеуде.
Бір тәуліктің ішінде қалада 9 қылмыс және 74 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде екеуі жарақат алды. 102 арнасына 1732 астам қоңырау түскен. Олардың көбі анықтамалық сипаттағы хабарламалар. Қала тұрғындарын ауа-райына байланысты тас жолдың жағдайы, блокбекеттердің жұмысы, сондай-ақ, құқық бұзушылық туралы мәселелер қызықтыруда, - делінген хабарламада.
Елордада бір күнде 177 адам төтенше жағдай режимін бұзған, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Процессуалдық шешімді сот қабылдайды. Тәулік ішінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 8 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды. Есіл ауданында 2 көңіл көтеру орны тарапынан коменданттық сағатты бұзу фактісі анықталды. «Maestro» караоке клубы мен «KINGDOM» рестобары комендант сағатын елемей, азаматтарды қабылдаған. Сонымен қатар Кенесары көшесіндегі «Дыши» барында 35 адам болған. Барлық тәртіп бұзушылар полицияға жеткізіліп, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мекемелердің лицензиясын кері қайтару мәселесі қаралуда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді, - делінген хабарламада.
Елорданың комендатурасы коменданттық сағатты бұзбауды, азаматтардың тәртібі мен тыныштығын сақтауды ескертеді. Барлық жасалып жатқан шаралар Сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жасалып отыр.