Жыл басынан бері 176 бала жол апатынан көз жұмды

Бүгін, 16:18
Айман Нығмет Айман Нығмет
views49
Жыл басынан бері 176 бала жол апатынан көз жұмды
фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылдың жеті айында елімізде жол-көлік оқиғаларынан 176 бала қаза тапты. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Зардап шеккен балалардың жартысынан астамы жолаушы ретінде қайтыс болған. Қалғаны – жаяу жүргінші, велосипедші, самокат және мопед жүргізушісі.

Жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың жол қауіпсіздігіне полиция органдары ерекше назар аударып отыр. Алайда, халық арасында жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ескі мәселе – жол апаттары азаймай тұр.

«Көп жағдайда қаза болған балалар ересектер тарапынан тасымалдау кезінде көлік ішінде балаға арналған қауіпсіздік құрылғыларын немесе қауіпсіздік белдіктерін қолданбайды. Балалар жолды кез келген жерден кесіп өтеді немесе бағдаршамның қызыл түсіне шығып кетеді. Жан-жағына қарауды ұмытып кетіп, бұрылыстан шыққан көлікті байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан балаларға өте сақ болуды және көлік жүргізушісі жол берегеніне көз жеткізуін үнемі түсіндіріп отыруымыз керек», - деді Қайсар Сұлтанбаев.