Әлеуметтік инспекторлар жыл басынан бері 150-ден астам тексеру жүргізді

31 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Әлеуметтік инспекторлар жыл басынан бері 150-ден астам тексеру жүргізді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

2025 жылдың үш айында әлеуметтік инспекторлар 156 тексеру жүргізді, оның 76-сы жоспардан тыс, 19-ы профилактикалық бақылау шеңберінде, 61-і прокуратураның талабы бойынша болды. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 34 ұйғарым берілді, 14,5 млн теңгеден астам сомаға 46 айыппұл салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 6, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 21, мемлекеттік мекемелер – 22, балабақшалар – 4, мектептер – 13, колледждер, лицейлер – 5, ауруханалар, емханалар – 10, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы – 1, санаторийлер – 3, ДК – 10, кафе, мейрамханалар мен қонақүйлер – 10, дүкендер – 12, сауда үйлері – 5, полиция пункті – 1, стоматология – 3, автобус парктері, авто/теміржол вокзалдары, әуежайлар – 6, кітапхана – 1, мәдениет үйлері – 4, пошта қызметі бөлімшесі – 1, спорт мектептері – 3, нотариус – 1 және өзге де 14 объекті қамтылды.

Мәселен, Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамның өтініші негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша медициналық орталыққа жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл ретте әлеуметтік инспекторлардың айтуынша барлық өңірлерде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістер бар. Мұны ерекше қажеттіліктері бар адамдар да растайды.

«Мен қаламыздағы әлеуметтік және мәдени іс-шаралардан қалмай, ұдайы қатысуға тырысамын. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдар үшін көптеген қоғамдық орындарда қолжетімділік қамтамасыз етілуде. Сөзімнің бір дәлелі ретінде қаламыздағы 9-шағын ауданында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығын айтуға болады. Ғимаратқа кіреберісте арнайы лифт бар, ал оның ауласында мүгедектігі бар адамдардың автокөліктеріне арналған арнайы тұрақтар бар. Сондай-ақ Жезқазған қаласында орналасқан «Sамади март» сауда орталығында және С.Қожамқұлов атындағы театрда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың ғимараттарға кедергісіз кіруіне жағдай жасалған», – деп атап өтті бірінші топтағы мүгедектігі бар Жезқазған қаласының тұрғыны Арман Сәметов.