Былтыр 33 мыңнан астам адам «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасты

Бүгін, 12:11
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Былтыр 33 мыңнан астам адам «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасты
Фото: Оңалхан Өнерхан

2024 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының бірі – «Жастар практикасын» жүзеге асыру аясында 33,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектері жастар практикасына қатыса алады. Жастар практикасына қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді.

Жастар практикасын қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. Төлем екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың ағымдағы (карточкалық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде жүргізіледі», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында. 

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені, Ақтөбе облысында ең жоғары көрсеткіш – 120,9 мың теңгені құрады.

Жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан – 8,6 мың адам, Қызылорда – 3,2 мың адам, Жамбыл облыстарында – 2,6 мың адам және Шымкент қаласында – 2,4 мың адам.

Жастар практикасына қатысатын әйелдердің үлесі 64,8% немесе 21,6 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 19,3 мың адамды немесе 57,9%-ды құрайды.

Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: мейіргер – 2 216 адам, бастауыш сынып мұғалімі – 1 498 адам, заңгер – 1 481 адам, дене шынықтыру мұғалімі – 1 323 адам, фельдшер – 1 277 адам.