Мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тартқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады -  Ерболат Әбілхатин

10 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тартқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады -  Ерболат Әбілхатин
Фото: Үкімет

Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

БАҚ өкілі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасынан Қостанай қаласы әкімінің мұғалімдерді жағажайда оқушыларға рейд жүргізуге тарту туралы тапсырмасына қатысты сауал қойды. Ерболат Әбілхатин бұл мәселе министрліктің бақылауында екенін айтты.

«Еңбек инспекциясы барлық облыстардың, қалалардың, аудандардың білім басқармалары, мектеп директорларымен мұғалімдерді әдеттен тыс жұмысқа тартпауға қатысты жұмыстарды бастады. Оларды мектепті сырлау, басқа да шаруашылық жұмыстарына тарту  мүлдем құпталмайды. Мұндай факторлар анықталған жағдайда бізге жұмыс берушілерді, яғни білім басқармалары мен директорларды тиісті жауапкершілікке тарту туралы нақты нұсқау берілді», - деді Ерболат Әбілхатин Үкіметтегі брифингте.

Оның айтуынша, егер Қостанай қаласы әкімінің тапсырмасы орындалса және мұғалімдер рұқсат етілмеген жағажайлардың мониторингіне тартылса, ведомство тиісті шаралар қабылдайды.

«Біз Қостанай облысының еңбек инспекциясына бұл жайтты тексеру бойынша тапсырма бердік. Егер жағажайларға тарту фактілері анықталып, мұғалімдер өтініш білдірген жағдайда барлық тиісті шаралар қабылданады және тиісті нұсқамалар беріледі», – деп толықтырды комитет төрағасы.