«Бақытын өз елінен таппағаны ма?»: Қарақат Әбілдинаның жазбасы көпшілікті ойландырып қойды

11 маусым, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
«Бақытын өз елінен таппағаны ма?»: Қарақат Әбілдинаның жазбасы көпшілікті ойландырып қойды
Қарақат Әбілдинаның парақшасынан

Қарақат Әбілдина қазақ қыздарының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы жиілеп кеткеніне алаңдайтынын айтты.

Қыз ұзататын әншілердің тізімінде көш бастайтын өнер иесінің болжауынша, қазақ қыздары қазақ жігіттерінен қорған таппағаннан өзге ұлтқа тұрмысқа шығатын көрінеді.

«Біраз қазақ қызын ұзатып жүрміз ғой… Соңғы уақытта өзге ұлтқа тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарын жиі байқап жүрмін. Бастапқыда бұл менің жүрегіме жеңіл тиген жоқ. Ұлтым, тілім, салт-дәстүрім мен үшін өте қымбат. Қыз — ұлттың айнасы. Оны кімге ұзатсақ та, ұлттың намысы мен рухын бірге ұзатамыз. 
Бірақ уақыт өте келе ойлана бастадым. Махаббат ұлт таңдамайды. Әр адамның өз бақыты бар. Әр қыз өз жүрегінің қалауымен, өз тағдыр жолымен жүреді. Дегенмен, менің ойымда бір сұрақ тұрып қалды: Бұл махаббат па? Әлде бақытын өз жерінен, өз елінен таппағаны ма?

Кейде қыздарымыздың қазақ жігіттеріне ренжуі, қорған таппауы оларды өзге жаққа бұрып жібереді ме деген ой келеді. Бұл біреуді кінәлау немесе тағдырын талқылау емес. Жай ғана мені ойландырған мәселе. Сіз не дейсіз? Қазақ қызының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына көзқарасыңыз қандай? Тек бір-бірімізді сөкпей, тыңдап көрейікші», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.