Словакия Премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты


Словакия Премьер-министрі Мемлекет басшысына өзіне және делегациясына қазақ жерінде көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет», - деді Роберт Фицо.
Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады.



