Президент респиратор мен газтұтқы шығаратын зауытқа барды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев MFA International компаниясының елордадағы кәсіпорнын аралап көрді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Бұл –индустриялық респиратор мен газтұтқы шығаруда Түркиядағы ең ірі және Еуропадағы үштікке енетін компания. 2020 жылы пандемияның шарықтау шағында MFA Maske компаниясы қызмет аумағын кеңейту жөнінде шешім қабылдап, Қазақстанға инвестиция құйған болатын.
Астанада медициналық, өнеркәсіптік респираторлар, газға қарсы уланудан, сондай-ақ химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерден сақтайтын газтұтқы шығаратын зауыт құрылысын бастады. Жоба құны – 10 миллион доллар. Компанияның жеке инвестициясы есебінен салынып жатыр.
Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесін тамашалады.

Мемлекет басшысына Heart Center Foundation қоғамдық қорының өкілдері Қазақстандағы кардиохирургия мен трансплантологияны дамыту миссиясы туралы әңгімеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл мамыр айында ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыт құрылысы басталғаны жөнінде ақпарат берілді. Қазақстандық инженерлер мен UMC Жүрек орталығы дәрігерлерінің бірегей жұмысы заманауи трансплантологиядағы басты мәселе саналатын донорлық органды сақтау уақытының шектеулілігін шешуді көздейді.
Жүректің ишемиялық ауруларының түрлі формаларын емдеу ісіне Назарбаев университеті технопаркінің базасында іске асырылған жоба да өз үлесін қоспақ. «IHT Central Asia» ЖШС-і испаниялық Iberhospitex S.A компаниясының технологиясын әкеліп, интервенциалды кардиологияда қолданылатын коронарлық стент пен баллондық кататер өндірісін жолға қойды.

Eira Med фармацевтикалық кешені Еуропа Одағы елдері мен АҚШ-тан келетін медициналық бұйымдар импортын алмастырумен және технологияны трансферлеумен белсенді түрде айналысады.
Бұдан бөлек, Президентке Kazecotech кәсіпорнының ғылыми-техникалық жетістіктері көрсетілді. Соңғы үш жылда компания ең үздік әлемдік стандарттарға сай келетін 250-ден астам протез дайындап, 500 адамды Ottobock мүгедек арбасымен қамтамасыз еткен.
Көрмені аралаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика индустриясы мен медицина бұйымдары өндірісін дамытудың маңызын атап өтті.