Президент ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады

10 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Президент ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы күрделі кезеңде басқарып отырған Элина Валтоненнің қызметіне қолдау білдірді.

«Биыл біз Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығын атап өтеміз. Жарты ғасыр өтсе де бұл құжат егемендік, аумақтық тұтастық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарын бекіте отырып, еуропалық қауіпсіздіктің негізі болып қала бермек. Қазақстан осы құндылықтарды берік ұстанады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ-фин байланыстарының жай-күйіне жоғары баға берді. Финляндияны Астананың Скандинавия аймағындағы бұрыннан келе жатқан серіктесі деп атап, қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға әзір екенін мәлім етті. Элина Валтонен ЕҚЫҰ Қазақстанмен және Орталық Азиямен байланысты дамытуға баса мән беретініне тоқталды.

фото: akorda.kz

«Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын бекітуге үлкен күш-жігер жұмсап отырсыз. Соның арқасында еліңіз өзін аймақта және әлемде ықпалды орта держава ретінде танытты. Қазақстан ЕҚЫҰ секілді ұйымдардың жұмысына белсенді атсалысу арқылы жаһандық деңгейдегі беделін нығайта береді. Біз Сіздің қазіргідей күрделі кезеңдегі, әсіресе, экономика және экология салаларындағы қызметіңізді жоғары бағалаймыз. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалық кеңсесімен ынтымақтастық айтарлықтай табысты дамып келеді», – деді ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Финляндия Президенті Александр Стуббқа сәлем жолдап, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін тығыз ықпалдастыққа дайын екенін растады.