Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заңға қол қойды

3 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заңға қол қойды
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.

Құжатта:

- тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;

- археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;

- тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;

- қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;

- археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;

- мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;

- қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;

- тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;

- мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;

- туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.