Жамбыл облысында заңсыз алтын өндіргендер ұсталды


Қазақстан экономикасының стратегиялық активтерінің бірі болып табылатын бағалы металдардың көлеңкелі айналымына қатысты қылмыстық схемаларды әшкерелеу бойынша Ішкі істер министрлігі кешенді жұмыстар жүргізуде, деп хабарлады Elordanfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әсіресе алтынды заңсыз өндіру, өңдеу орындарын анықтауға және оны шетелге тасымалдау бағыттарын белгілеуге ерекше назар аударылуда.
Бұған дейін ІІМ төрт өңірде кен өндірумен айналысқан бірнеше компанияның заңсыз қызметінің жолы кесілгені туралы хабарлаған болатын.
«Ағымдағы жылдың маусым айында Жамбыл облысында полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, «Ақбақай" кен орнында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Топ құрамына жергілікті тұрғындар, комбинат қызметкерлері мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері кірген. Заңсыз өндіруден бастап өңдеуге және алтын құрамды шикізатты тасымалдауға дейінгі қылмыстық тізбек толығымен әшкереленді. Олардың заңға қайшы әрекеттерінен кәсіпорынға келтірілген залал 400 миллион теңгеден асты»,- деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Топ ұйымдастырушысы мен оның сыбайластарын ұстау бір мезгілде елдің төрт өңірінде жүргізілген.
«Жалпы 50-ден астам адам ұсталды. Шамамен 6 кг алтын тәркіленді, кен өңдейтін 8 жасырын цех жойылды. Қылмыстық іс бірнеше бап бойынша, соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу фактілері бойынша тергелуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Алтын контрабандасының арналары, өзге де көлеңкелі айналымдар және түпкілікті бенефициарларды анықтау бойынша жұмыс жалғасуда», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.



