Жүргізуші жолда сиырды қағып, етін өзімен алып кеткен


Қызылорда облысында жүргізуші жолда сиырды қағып, кейін оны сойып, етін өзімен алып кеткен. Бұл әрекеті үшін ол мал иесіне 150 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, қос тарап Жалағаш аудандық сотында дауды медиация тәртібімен реттеген.
«Жауапкер жолда көлік жүргізіп келе жатып, талапкердің сиырын қағып кеткен. Осылай жол апаты болған. Оқиға орнында жауапкер сиырды сойып, етін өзімен бірге алып кеткен», – дейді сот.
Полиция инспекторының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан іс тоқтатылды. Кейін талапкер азаматтық сот өндірісі тәртібімен сотқа жүгініп, жауапкерден сиырдың құнын, яғни 350 мың теңге өндіріп беруді сұраған.
Іс қарау барысында тараптар өзара келісімге келгендерін мәлімдеп, соттан медиациялық келісімді бекітуді сұрады.
Медиациялық келісім шарттарына сәйкес, жауапкер талапкерге 2025 жылғы 5 маусымға дейін 150 мың теңге төлеуге міндеттелді. Ал сиыр иесі жүргізушіден 350 мың теңге өндіру туралы талаптан бас тартты.
Сот тараптар арасындағы дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітіп, азаматтық істі тоқтатты.



