SOS түймесі павлодарлық әйелді қауіпті жағдайдан құтқарды

SOS түймесі павлодарлық әйелді қауіпті жағдайдан құтқарды
Фото: Polisia.kz

Павлодарда SOS түймесі әйелге қауіпті жағдайдан құтылуға көмектесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту – полиция қызметінің басты қағидаты. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында Павлодар облысының тұрғындары төтенше жағдайда полицияға хабарласудың тағы бір тиімді тәсілін пайдалана алады. Егер басқа мүмкіндіктер болмаса, олар SOS батырмасын басу арқылы көмек сұрай алады.

«Кез келген төтенше жағдайда SOS батырмасы арқылы полицияға хабарласуға болады», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаменті.

Жуырда жедел басқару орталығының операторына SOS батырмасы арқылы бейнеқоңырау түсті. Әйел адам полициядан көмек сұрап, танысымен жанжалдасып қалғанын хабарлады. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары мән-жайды анықтап, ер адамды полиция бөліміне жеткізді. Жәбірленушінің өтініші негізінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Белгілі болғандай, әйелдің ұялы телефоны бұзылып, жаңасын сатып алуға үлгермеген. Дегенмен, қиын жағдайға тап болған сәтте SOS батырмасын байқап, оны пайдаланды.

«Менің қоңырауым мүмкін мені ауыр қылмыстың құрбаны болудан құтқарған болар», – дейді жәбірленушінің өзі.

Полиция департаменті егер құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалуға, Police 102 мобильді қосымшасын немесе SOS батырмасын пайдалануға болатынын еске салады. Сондай-ақ құқық бұзушылық туралы ақпаратты Instagram @dp_pavlodar директіне жіберіңіз.

«Заң және тәртіп» қағидаты – ішкі істер органдарының басты ұстанымы. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мақсат. Заңды бұзғандар міндетті түрде жауапқа тартылады.