Мысыққа таланған Қостанай облысының тұрғыны қайтыс болды


Қостанай облысы Қамысты ауданының тұрғыны құтыру ауруының белгісімен Лисаков қалалық ауруханасына түсті. Дәрігерлердің айтуынша, ол медициналық көмекке кеш жүгінген. Салдарынан дәрігерлер науқасты құтқара алмады. Адамның құтырудан көз жұмуы – Қостанай облысында 2020 жылдан бері алғашқы жағдай, деп хабарлады Elordainfo.kz сайты «Наша газета» басылымына сілтеме жасап.
Қостанай облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Баймұхаметовтың айтуынша, бұл жағдай 2025 жылдың мамыр айында Лисаковкада тіркелген.
«Эпидемиологиялық тергеу барысында үй жануарының (мысық) тістеп алуыннан жұққаны анықталды. Осыдан кейін мысықтың өзі жоғалып кеткен. Зардап шеккен адам уақытында медициналық көмекке жүгінбеген, қажетті профилактикалық екпені де алмаған. Кейіннен келгенде уақытын өткізіп алған. «Құтыру» ауруы – жұқпалы дүние, оның үстіне құтырған жануармен контактіге түссе, бірден жұғады. Содан энцефаломиелит типіне тән жүйке жүйесінің зақымданады. Ал оның арты өлімге әкеледі. Сондықтан құтырудың бірден бір емі – вакцинация», – дейді Бауыржан Баймұхаметов.
Маманның айтуынша, үй жануарларының құтыруы ең әуелі жабайы ит-мысықтардан жұғады. Ал адамға үй жануарларының тырнап, тістеп алуынан ғана емес, сілекейінен де жұғады. Ал онда вирус екі есеге көп.
«Егер уақытында екпені алып, емделмесе дерт бірнеше күннен бірнеше айға дейін не болмаса бір жылға созылуы мүмкін. Және қай жерден жараланғанына да байланысты. Мәселен Лисаковкада қайтыс болған адамның сырқаты бірнеше айға созылған», – дейді ол.
Құтыру дерті ит мысықтан ғана емес, сиыр мен қой секілді үйдегі малдардан да жұғатынын ескертті маман.



