Оқиға

«Әкемнің жүрек талмасы ұстаған»: Үржардағы жол апатына күдікті жүргізушінің баласы оқиға туралы айтты

19 тамыз күні Абай облысы Бестерек ауылында жүргізуші аулада ойнап жүрген бір топ баланы қағып кетті. Оқиға орнында үш бала мерт болып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Көлік тізгінінде болған 55 жастағы жүргізушінің баласы "Информбюро" бағдарламасына берген сұхбатында оқиға кезінде әкесінің жүрек талмасы ұстап қалғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 «Әкемнің жүрек талмасы ұстап, рөлге ие болмай қалған. Ол кезде жанында анам болды. Бұл оқыс жағдай, бәрі қас-қағым сәтте болған. Өте қайғылы жағдай. Көңіл айттық, кешірім сұраймыз. Олар да жағдайға түсіністікпен қарап отыр. Ешкім мұндай сынақ болғанын қаламайды», - дейді күдіктінің баласы Ерқанат Серікұлы.

"Информбюро" бағдарламасындағы мәліметке сәйкес, күдікті Бестерек ауылының тумасы, ол 20 жыл автобус тізгіндеген.

Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жүргізуші ішімдік пен есірткі қолданбаған.  

Бүгінде полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Еске сала кетейік, Бестеректегі жол-көлік оқиғасынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. 

Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алған. 

Бүгінде екі бала Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағымен елордаға жеткізілді. Пациенттер Астана қаласындағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында жатыр. Ал тоғыз жасар қыз бала Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Д. Каримовтің бақылауымен жағдайы тұрақталғанға дейін жергілікті стационарда қалдырылды.