Екі адам қаза тапты: Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы жол апатына ұшырады


Әлеуметтік желіде әйгілі спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлының жол апатына ұшырағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған оқиғаға қатысты Жамбыл облысының Полиция департаменті пікір білдірді, дегенмен нақты есімдер аталмады.
«Криминальный Казахстан» Telegram каналының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні сағат 08:50-де республикалық маңызы бар «Алматы – Екатеринбург» тасжолының 299-шақырымында болған.
Гүлайым Рахмонова ұлы және құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігімен бара жатқан. Көлікті Шавкат Рахмоновтың жұбайы жүргізген. Toyota Land Cruiser 200 маркалы автокөлік жүргізушісі – Қарағанды облысы бағытынан Алматыға қарай бара жатып, рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Оқиға орнында 39 жастағы жолаушы қаза тапты. 35 жастағы әйел Мойынқұм аудандық ауруханасына бара жатып қайтыс болған.
Рахмонова мен оның 3 жасар ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізіліп, травматология бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде.
Қазір бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқарған тұлғалар тарапынан жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - делінген хабарламада.
Көлік айыппұл тұрағына қойылды.



