Ақтөбеде тұрғын үйде газ жарылды: бір адам қаза тапты

5 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбеде тұрғын үйде газ жарылды: бір адам қаза тапты
Фото: видеодан скриншот/instagram.com/gazeta_diapazon

Апат Ақтөбедегі Абай даңғылындағы тұрғын үй пәтерінде болған. Бір адам қайтыс болды, деп хабарлады Elordainfo.kz «Диапазон» газетіне сілтеме жасап.

Оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеп жатыр, барлық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Пәтерде газ-ауа қоспасы жарылған, салдарынан пәтер өртке оранған.

Өрт шамамен 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Одан бөлек 3 және 4 қабаттар арасында қабатаралық конструкция құлап түскен. Өңір ТЖД өкілдері 73 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, бір адам құтқарылғанын мәлім етті.

«Алдын ала дерек бойынша оқиға салдарынан бір адам көз жұмған. Апаттық-құтқару жұмыстары мен үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр», - деп мәлімдеді ведомство қызметкерлері.

Оқиға орнында кинологтар жұмыс істеп жатыр.

ТЖД оқиға себептері анықталып жатқанын атап өтті.