Жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттыру үшін бюджет қаражатын бөлу тәсілдері қайта қаралды


Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттардың мемлекет есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар және осы қаражатты бөлу тәсілдері туралы сұрағына жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Серік Жұманғарин қаражатты жоспарлау мен бөлуге деген көзқарас түбегейлі өзгергенін атап өтті. Енді әрбір аймақ немесе орталық билік органы даму жоспарын жасауға міндетті, оның негізінде инвестициялық жоспар құрылады.
«Бүгінгі таңда біз жүйені түбегейлі өзгерттік. Бюджет қаражатын бөлу үдерісі жеңілдетілді, бірақ ішкі жағынан қатаңдатылды. Бұл жағдайда әрбір әкімші, аймақ немесе орталық атқарушы орган даму жоспарын дайындайды. Оның негізінде инвестициялық жоспар құрылады. Шығындарға инвестициялық шолу жасаймыз және онда осы сұрақтарға жауап береміз», - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, жүзеге асып жатқан жобаларға басымдық беріледі. Сонымен қатар жаңа Бюджет кодексі бойынша жобаны іске асырудың бірінші жылында барлық соманың кемінде 30%-ы бөлінуі тиіс, бұл ұзаққа созылған құрылыстар жағдайын болдырмауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, енді инфрақұрылымдық шығыстарды қоса алғанда, жалпы сипаттағы трансферттер жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілетін болады. Республикалық деңгейде тек мақсатты қаржыландыру ғана сақталады, оның өзінде қатаң негізделген өтінімдер бойынша.
«Ауыл – ел бесігі» – бұл тұтас инфрақұрылым, оны жалпы сипаттағы трансферттерге қосады. Әкімдік барлық қажетті жобаларды өңірлік стандарттар жүйесі арқылы өңірдің даму жоспарына және келесі кезеңге – үш жылдық инвестициялық жоспарға тікелей енгізіп, іске асыруы тиіс», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ол сондай-ақ жаңа Бюджет кодексінің қабылдануымен бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілігі айтарлықтай артқанын атап өтті. Енді әкімшілердің өздері стратегиялық индикаторларға, ал олардың басшылары нақты Бюджеттік бағыттардың орындалуына жауап береді.



