Конституцияның 30 жылдығына орай 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалады

11 маусым, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Конституцияның 30 жылдығына орай 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалады
Фото: видеодан скриншот

Мәжілісте Конституцияның 30 жылдығына орай 15 мың азаматқа рақымшылық жасалмақ. Оның 6 мыңы сотталған азаматтар және 9 мыңы пробация есебінде тұрған азаматтар. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Алдын ала есептеулерге сәйкес рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам қамтылады. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Одан бөлек, бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың мәлімет: жұмыс тобының соңғы отырысында жұмыс тобының мүшелері-депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалған, оң мінезделетін 1700-ден астам сотталған азаматтар босап шығады. Ол өзгеріс Заң жобасының 2 және3-баптарында көзделген.
Бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады, барлық мерзімдерді қысқарту 11 мың адамды қамтиды. Сонымен қатар рақымшылық жасау әрекетіне әлеуметтік осал адамдар санатынан 629 адам (барлығы 2373) жатады, олардың 57-сі босатылады және 572 адамға мерзім қысқартылады.

Депутаттың сөзінше, рақымшылық жасау туралы заң жобасы 833 әйелге де қатысты (2704-і рақымшылыққа ілікпейді), оның ішінде 109-ы босатылады және 724-і мерзімі қысқартылады.

ӘОА санатындағы 481 әйел (барлығы 1401):
- кәмелетке толмағандар: 2
- жүкті әйелдер: 10
- кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер/бала кезінен мүгедектер: 331
- мүгедектігі барлар: 2
- зейнеткерлік жастағы әйелдер: 136

Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
Мекемелерден босатылатындардың аз саны олардың негізгі бөлігінің, атап айтқанда 92% (32691) ауыр (19008) және аса ауыр (13683) қылмыстар үшін ұсталуына байланысты, оның ішінде 16% рецидивистер (қауіпті рецидив - 2176, аса қауіпті рецидив - 3219).
Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды.
Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген.

Айта кетейік, қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі ҚАЖ 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам ұсталады, олардың ішінде 33 мың сотталған және 7 мыңы тергеу қамауындағы адамдар. Бұдан басқа, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.