Кәсіпке алғашқы қадам: Астанада колледж студенттері зауыт жұмысымен танысты


Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астана қаласы әкімдігінің Көлік және коммуникациялар жоғары колледжінің студенттері «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС-не барып, кәсіби бағдар беру мақсатындағы маңызды кездесуге қатысты. «Мамандыққа апарар жол: колледжден өндіріске» деп аталған бұл бастама – өндірістік орта мен білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайтып, жастарды техникалық мамандықтарға ынталандыруға арналған жүйелі жоба, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Білім мен өндіріс: теориядан практикаға
Іс-шараның басты мақсаты – студенттерге өндірістік процестердің нақты үлгісін көрсету, олардың кәсіби бағдарын айқындап, білім мен дағдыны ұштастыруға мүмкіндік беру. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері колледждің сенімді әлеуметтік серіктесі болып келе жатқан Астана электротехникалық зауытымен әріптестікті нығайту көзделді.
Бағдарлама аясында студенттер қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, зауыттың жұмысымен танысты. Колледж және зауыт басшылығы құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорынның тарихы, жетістіктері мен даму бағыттары таныстырылды. Арнайы ұйымдастырылған шеберлік сыныбы барысында студенттер өндірістік құрал-жабдықтармен жұмыс істеу талаптарымен танысып, электрмен жабдықтау және электротехника салаларындағы заманауи талаптар жайында нақты ақпарат алды.
Жас маманға жол ашық
АЭТЗ өндірістік директоры Дархан Мақсұтов зауыттың 13 жылдан бері нарықта тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда 270-тен астам білікті маман қызмет етеді, ал жүзеге асырылған жобалар саны – 2700-ден асады.
«Біз студенттерге барлық қажетті жағдайды жасап, өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл – болашақ мамандарды даярлаудағы нақты қадам. Тәжірибеден өткен студенттердің біразы кейін осы зауытта жұмысқа орналасып жүр», – дейді ол.
Маркетолог пікірі: өндірістің болашағы – нақты мамандықта
АЭТЗ-ның жетекші маркетологы Анастасия Нелина зауыттың қызмет бағыты мен жас мамандарды қолдау ісіне ерекше тоқталды:
«Астана электротехникалық зауыты – Қазақстан нарығындағы түрлі жабдықтарды өндіру бойынша алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. 13 жылдан астам уақыт ішінде шамамен 3000-ға жуық жоба жүзеге асырылды. Ал штаттағы мамандар саны – 300-ге жуық.
Біз көптеген жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін қабылдап, тәжірибеден өтуге мүмкіндік береміз. Біз зауыт қызметі жайлы ақпаратты белсенді таратып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысып, жас мамандарды тарту бағытында жүйелі жұмыс істейміз.
Өкінішке қарай, қазіргі жастардың көбі кеңседе жұмыс істегісі келеді. Алайда дәнекерлеуші, электрик, металл құрылымдарын жинаушы сияқты өндірістік мамандықтар ел дамуы үшін аса қажет. Сондықтан біз бұл салалардың болашағы бар екенін жиі айтып келеміз».
Студенттік пікір: өндіріске ерте араласу – үлкен артықшылық
Практикалық тәжірибе алып жүрген студенттердің бірі – Кәсіптік техникалық колледждің 2-курс студенті Айдос Балғынбек:
«Сәуір айынан бері осы зауытта тәжірибеден өтіп жүрмін. Өндірістің ішкі құрылымымен танысып, болашақ мамандығыма қажетті маңызды дағдыларды меңгеріп жатырмын. Бұл тәжірибе маған үлкен мотивация берді», - деп атап өтті.
Ал 3-курс студенті, энергетика бағытының болашақ маманы Әбдірасул Амангелдиев:
«Бүгінгі шеберлік сабағынан көп нәрсе үйрендік. Өндірістегі нақты үдерісті көру бізге маман ретінде сенімділік сыйлайды. Бұл болашақта бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі деп ойлаймын», - деді.
Арнайы пәндер оқытушысы Дина Айкимбаева студенттердің зауыттағы тәжірибесінің маңызын ерекше атап өтті:
«Біздің колледж студенттері бірнеше жылдан бері АЭТЗ-да тәжірибеден өтіп келеді. Олар мұнда заманауи жабдықтармен жұмыс істеуді үйренеді, тәжірибе кезінде кәсіби тұрғыда қалыптасады. Кейбір түлектер осы жерде жұмысқа орналасып жатыр. Біз бұл серіктестікпен мақтанамыз.
Бүгін алты студентіміз келіп отыр. Жалпы, колледжіміздің жүздеген студенті осы зауытта тәжірибеден өткен. Бұл – өз ісінің маманы болатын жаңа ұрпақтың қалыптасуына берік негіз».
«Мамандыққа жол: колледжден өндіріске» атты бастама білім мен өндірістің түйісер тұсында нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейді. Мұндай кездесулер техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттырып, жастардың еңбек нарығына сенімді қадам басуына жол ашады. Бұл – кадрлық әлеуетті күшейтудің және өндірісті жаңғыртудың маңызды алғышарттарының бірі.
Ақнұр Тұяқбай



