«Театрға көрерменнің махаббаты артқаны қуантады» – актриса Инабат Ризабекқызы

«Театрға көрерменнің махаббаты артқаны қуантады» – актриса Инабат Ризабекқызы
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Астаналық театр сүйер көрерменге «Салтанат» пен «Қыз Жібек» бейнесі арқылы жақсы таныс, Музыкалық жас көрермен театрының талантты актрисасы Инабат Ризабекқызымен өнердің қыр-сыры жайлы сұхбат құрдық.

– Әр қойылым – жаңа тыныс, жаңа көңіл күй. Бір кейіпкерді түрлі эмоциямен ойнау шеберлік пен шынайылықты талап етеді. Дегенмен кейде «техникаға салып» ойнауға тура келетін сәттер бола ма? Ондай кезде көрерменмен байланыс өзгере ме?

– Біздің театрдың директоры әрі көптеген қойылымдардың режиссері Асхат Максимұлы үнемі: «Біздің ерекшелігіміз – сіздердің шынайылықтарыңыз бен музыкалық қойылымдардың көптігінде» деп айтып отырады. Мен сахнада дәл сізбен сөйлесіп отырғандай табиғи болуға тырысамын. Қандай сахна болмасын, сол жағдайды бірінші рет сезінгендей шынайы қабылдау керек. Мысалы, «Гауһартас» қойылымында мен ешқашан «техникаға салып» жылаған емеспін. Әрқашан сахнаға адал болуға тырысамын. Жақында ғана болған «Махаббат бар ма?» қойылымында жерге құлайтын сахнада қолым жарақаттанып қалды. Бірақ қойылым 1 жарым сағатқа созылады, сондықтан соңына дейін ойнап шықтым. «Гауһартасқа» келсек, мен бұл қойылымда 200-ге жуық рет ойнадым. Автор Дулат Исабеков «Қойсаңыздар, бірде-бір сөзін қысқартпаңыздар» деп нақты талап қойды. Сол себепті қойылым ұзақтығы – 2 сағат 40 минут.

– Театр мен кино – екі түрлі әлем. Тарихи рөлдер тұрғысынан қарағанда, қайсысында өзіңізді еркін сезінесіз?

– Осы уақытқа дейін маған тарихи рөлдер жиі бұйырып жүргенін кейіннен ғана түсіндім. Жанымдағы әріптестерім: «Сіз кино мен театрда тарихи тұлғаларды сомдап жүрсіз» дегенде, шын мәнінде, бұл үлкен бақыт екенін ұқтым. Бірақ шындықты айтсам, театр – менің жанымның емі. Температурам 40 градус болса да сахнаға шыққан кездерім болды. Сахнаға шыққанда бәрін ұмытып кетеміз. Театрда, шын мәнінде, театрды сүйетін жандар ғана жұмыс істейді деп нық айта аламын.

– Театрда қандай рөлді ойнағыңыз келеді?

– Мен «Карменді» ойнағым келеді. Жалпы Жүргенов академиясына түскен кезімнен бері арманым – Джульетта рөлін сомдау. Актрисаның арманы болу керек деп ойлаймын. Мамандықты сүйетін адам армандауы тиіс. Менің армандаған рөлдерім біртіндеп орындалып жатыр. Бала күнімде үй шаруасынан гөрі әкемнің сырттағы жұмыстарына жақын болдым. Мені нәзіктікке тәрбиелеген – жолдасым Оразалы Игілік. Қазір өзіме қарама-қарсы рөлдерде ойнағым келеді. Мысалы, «Шанель-5» қойылымында бұзық қыздың рөлін ойнағым келген. Ол кезде Майра Омар апайым: «Әлі-ақ ондай рөлдерге де келесің. Қазір беріліп жатқан рөлдерді барынша алып қал» деп қолдау білдірді.

– Қай режиссерлармен жұмыс істеуді армандайсыз?

– Фархат Молдағалимен жұмыс істегім келеді.

– Көрермен мәдениеті туралы айтсақ. Соңғы онжылдықта қандай өзгерістерді байқадыңыз?

– Бұрын зал толық толмайтын. Қазір көрермен билетті алдын ала алып, қойылымдарға таласып келеді. Театр әртістерін рөлі арқылы танып жататын жағдайға жеттік. «Сіз – Салтанатсыз ғой» деген сөзді естігенде қуанып қаламын. Екі жыл бұрын Батыс Қазақстанға гастрольге бардық. Ораза уақыты, халық ауызашарға кетіп қалар деп уайымдадық. Бірақ керісінше, көрермендер тырп етпей, қойылым соңына дейін зейін қойып қарады. Тіпті, соңында «Бақытты бол, айналайын» деп батасын беріп жатты. Облыстарда көрерменмен байланыс ерекше, бірге өмір сүргендей боламыз. Астанада да ондай сәттер болады, бірақ өңірлік көрермен шынайылығымен ерекше әсер қалдырады. Біздің театрдағы әр қойылым – аншлаг. Көрерменнің сұранысы мен деңгейі өсіп келе жатқанына қуаныштымын.

– «Қыз Жібек» – ұлттық мұраның символы, ал Салтанат – қазіргі қазақ әйелінің келбеті. Осы екі рөлдің қайсысы сізге жақынырақ?

– «Қыз Жібек» – менің өміріммен тығыз байланысты. Театрдағы алғашқы рөлім. Алғаш рет бұл рөлді Франция сахнасында сомдадым. Бұл рөл арқылы өмірлік жарымды кездестірдім, қызымның есімі де – Жібек. Сондықтан ол – менің жүрегімнің төріндегі кейіпкерім. Ал Салтанат – мені көпшілікке танытқан бейне. Аға буын әріптестерім: «Инабат, сен осы рөл арқылы өскен екенсің. Салтанаттың жайын жан-тәніңмен жеткіздің» деп баға беріп жатты. Екі рөл де – менің өмірімнің ерекше белесі.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Аяулым Құдайберген