Жазғы маусымда төрт Тальго пойызында вагон-мейрамхана іске қосылды
Жазғы жолаушылар легінің артуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ қосымша қатынайтын төрт Тальго пойызының құрамына вагон-мейрамханаларды қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Жазғы маусымда қосыша вагон-мейрамханалар келесі бағыттарда қызмет көрсетеді: №254/253 Астана (Нұрлы жол) – Достық; №211/212 Алматы-2 – Достық; №207/208 Алматы-2 – Достық; №231/232 Алматы-2 – Семей. Вагон-мейрамхана мәзірінде ыстық тағамдар, сорпалар, салаттар, бәліштер, десерттер мен түрлі сусындар ұсынылады. Сондай-ақ, балаларға арналған арнайы мәзір қарастырылған. Ас түрлері жолаушылардың сұранысы мен талғамына сай іріктеліп, жол үстінде сапалы әрі жайлы тамақтануға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Тальго пойыздарындағы ToiPass вагон-мейрамханалары арқылы тағамдарды тікелей купеге тапсырыс беру қызметі жұмыс істейді. Ол үшін WhatsApp желісі арқылы +7 771 761 4099 нөміріне хабарлама жіберу немесе жолсерікке жүгіну жеткілікті. Тапсырыстар күн сайын 08:00-ден 24:00-ге дейін қабылданады.
«Қазіргі таңда Ұлттық тасымалдаушының 51 бағыты бойынша жолаушыларға тамақтану қызметі ұсынылады. Оның ішінде: Тальго пойыздарында – 23 вагон-мейрамхана; фирмалық пойыздарда – 10 вагон-мейрамхана; стандартты пойыздарда – 11 вагон-мейрамхана; 7 вагон-буфет қызмет көрсетеді. Пойыздардағы тамақтану қызметін дамыту – компанияның қызмет көрсету сапасын арттыруға және жолаушылардың жол үстіндегі жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған басым міндеттердің бірі», делінеді хабарламада.
Еске салсақ, еліміздің танымал курорттық аймағындағы вокзал ауқымды жаңғыртудан кейін қайта ашылды.