Референдум-2026

Жазғы Азия ойындарына баратын құрамдағы боксшы қыздар қаншалықты тәжірибелі

Жазғы Азия ойындарына баратын құрамдағы боксшы қыздар қаншалықты тәжірибелі
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Осы аптада бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына баратын бастапқы құрамды атаған еді. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі тізімдегі боксшылардың қазіргі деңгейіне тоқталып кетті.

51 келі. Алуа Балқыбекова (екі дүркін әлем чемпионы)

Отандасымыз 2026 жылы екі Әлем кубогының кезеңіне қатысып үлгерді. Сәуір айында Бразилияда ол жартылай финалға дейін жетіп, Қытай боксшысы Синью Циге 2:3 есебімен жол берді. Ал маусым айында ол ширек финалда осы салмақтың басты фавориті саналатын, әлем чемпионы Минакшиден (Үндістан) есе жіберген еді. 

Алуа Балқыбекова ұлттық құрамада бірнеше жыл көшбасшы саналғанымен, алғаш рет жазғы Азия ойындарында бақ сынайды.

54 келі. Назым Қызайбай (екі дүркін әлем чемпионы)

48 келіде 3 дүркін әлем чемпионы атанып үлгерген Назым Қызайбай 2026 жылы 54 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Ол Бразилиядағы Әлем кубогында Польша боксшысы Виктория Рогалинскаядан жеңіліп, жүлдесіз қалған еді. Ал Қытайдағы Әлем кубогының алдында Назым Қызайбай 54 келідегі көшбасшыны анықтау мақсатында Элина Базаровамен спарринг өткізіп, басым түсті. Сондай-ақ отандасымыз Гуйяндағы Әлем кубогында да Олимпиада және Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жеңіп, жаңа салмаққа бейімделгенін дәлелдеді.

Назым Қызайбай бұған дейін 2018 және 2023 жылғы жазғы Азия ойындарына қатысып, ширек финалда тоқтаған болатын.

60 келі. Виктория Графеева (Әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері)

Өзге отандастарымыздан атағы төмен болғанымен, 2026 жылы ең тұрақты нәтижесімен көзге түсіп келе жатыр. Алдымен ол Бразилиядағы Әлем кубогының финалында әлем чемпионы, жарыс қожайыны Ребека Сантосты жеңіп кетсе, Қытайдағы Әлем кубогының финалында Париж Олимпиадасының чемпионы Лю Тиньнен (Тайпей) айласын асырды. 

Жазғы Азия ойындарында дебют жасайды.

65 келі. Аида Әбікеева (екі дүркін әлем чемпионы)

65 келіде басты фаворит саналатын Аида Әбікеева 2026 жылы әлі чемпиондық атаққа қол жеткізе алмай келе жатыр. Бразилияда ол финалға дейін жетіп, Өзбекстан боксшысы Навбахор Хамидоваға жол берсе, Қытайдағы Әлем кубогында жартылай финалда Бразилия спортшысы Беатрис Ферейрадан есе жіберді.

Жазғы Азия ойындарында дебют жасайды.

75 келі. Наталья Богданова (Әлем чемпионы)

2025 жылы әлем чемпионы атанған, сондай-ақ World Boxing ұйымының «ең мықты боксшы» номинациясының иегері. Алайда отандасымыз жазғы Азия ойындарында салмағы тұрақты 70 келі болмағандықтан, 75 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Маусым айында ол Қытайда осы салмақта жұдырықтасып, алғашқы кездесуінде Қытай спортшысы Бао Цзыиға есе жіберді.

2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері саналады.

Айта кетейік, әйелдер боксы жазғы Азия ойындарының бағдарламасына 2010 жылдан бастап енгізілді. Содан бері аруларымыз 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған.

Бұл жөнінде әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин: «Осы уақытқа дейін Қазақстан әйелдер құрамасына Азия ойындарында алтын медаль бұйырмай келеді. Сондықтан бір алтынның өзі біздің құрама үшін тарихи жетістік болар еді. Әрине, біз бұдан да жоғары мақсат қоямыз. Бұйырса, Азия ойындарының да, Олимпиаданың да алтынын алатын күнге жететінімізге сенімдімін», деп пікір білдірді.

Айта кетейік, Жапониядағы жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында өтеді.