Үкімет қаулысымен «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағы 10 мың гектарға дейін ұлғайтылды

Үкімет қаулысымен «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағы 10 мың гектарға дейін ұлғайтылды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Үкімет қаулысымен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағы 10 мың гектарға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«ҚР Үкіметі 2026 жылғы 13 наурызда арнайы экономикалық аймақтарға қатысты өзгерістер енгізу туралы қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы Мұнайлы ауданының өнеркәсіптік аймағынан (187 га) және «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС-нан (382,6148 га) жалпы ауданы 569,6148 га жер учаскесін қосу арқылы ұлғайтылды», делінген хабарламада.

Үкімет қаулысымен 2052 жылға дейінгі жаңа мақсатты индикаторлар да айқындалды. Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 1720 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Тауарлар мен қызметтер өндірісінің көлемі 1,7 млрд теңгені құрамақ. Арнайы экономикалық аймақтағы компаниялар саны 188-ге дейін өседі, ал 9 900 жұмыс орындары құрылмақ.

Еске сала кетсек, Қазақстан Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты наразылық білдірді.