Биыл елімізде 20-ға жуық халықаралық спорт жарысы өтеді
Биыл халықаралық спорттық күнтізбедегі маңызды орталықтардың бірі ретінде елімізде әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-ға жуық ірі жарыс өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Халықаралық жарыстар Астана, Алматы, Түркістан қалаларында ұйымдастырылып, олимпиадалық, паралимпиадалық және инновациялық спорт түрлерін қамтиды.
Жылдың басты жарыстарының қатарында Астанада өткен дзюдодан Гранд-слам, Алматыдағы стенд атудан ISSF Әлем кубогы, Түркістандағы пара каноэден Азия чемпионаты, Астанадағы боччадан Әлем кубогы, Алматыдағы каратэден Азия чемпионаты, сондай-ақ таеквондодан (WT) Финалдық Гран-при бар. Сонымен қатар, жылдың ең ауқымды халықаралық жобаларының бірі – 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары» (Games of the Future) халықаралық мультиспорттық турнирі. Аталған жарыс дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін фиджитал спорт түрлерін дамытуға бағытталған.
Жыл бойы елімізде велотрек бойынша халықаралық Silk Way Series және Astana Open Series жарыстары, жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов мемориалы, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, үстел теннисінен Қазақстан Президентінің Ашық кубогы, мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge Series халықаралық турнирі және басқа да беделді жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ Астанада жүзуден Әлем кубогының кезеңі, голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты және параспорт бағытындағы бірқатар халықаралық турнирлер өтеді. Бұл іс-шараларды өткізу еліміздің спорттық беделін арттырумен қатар, спорттық туризмді дамытуға, жаңа инвестициялар тартуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және Қазақстанды әлемдік спорт аренасында кеңінен танытуға мүмкіндік бермек.
Ал 2027 жыл Қазақстан спорты үшін ерекше маңызды болмақ. Келер жылы елімізде 7 әлем чемпионатын, 2 Азия чемпионатын, сондай-ақ 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы футзалдан Еуропа чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Аталған жарыстар Қазақстанның ірі халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің әлемдік спорт кеңістігіндегі беделін нығайтуға ықпал ететін болады.
Еске салсақ, Астанада таеквондодан әлемдік деңгейдегі екі жарыс өтеді.